ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жаңа оқу жылындағы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Алқалы жиынға Тараз қаласы мен аудандық кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлім жетекшілері, аймақтық құқықтық еңбек инспекторлары қатысты.
Жиынға жетекшілік еткен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ең алдымен Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын Жергілікті кәсіподақ ұйымының міндеттері мен маңызына кеңінен тоқталып өтті. Кәсіподақ төрағасы білім және ғылым саласының өкілі ретінде жастар тәрбиесі, мықты мамандар даярлау мен білім саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша Жолдауда айтылған мемлекеттік маңызы мол мәселелерді сөз етті.
- Интеллектуалды жастарды оқытып, тәрбиелеу ел дамуына тікелей әсер етеді. Сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету үшін ұстаздардың біліктілігін арттыру жайы Жолдауда жан-жақты айтылды. Білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мәселесі де орынды көтерілді. Жолдауда көрсетілген міндеттер үдесінен шығу үшін біз өз саламыз бойынша аянбай еңбектенуге тиіспіз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында Президенттің 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдау, зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау мақсатында арнаулы әлеуметтік төлем төлеу, азаматтардың табысын арттыру мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге арттыру сынды оң өзгерістер орын алатындығы айтылып, жиын қатысушылары Президенттің бастамалары мен идеяларын қолдайтынын және Жолдаудағы міндеттерді орындауға үлес қосатынын жеткізді.
Атқару комитетінде бұдан бөлек Тараз, Байзақ және Шу аудандары бойынша кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторлары жұмысының есебі тыңдалды. Тараз қалалық кәсіподағының құқықтық сұрақтар бойынша бас маманы Арман Стыбаев 2022 жылдың қыркүйегінен бері 114 бастауыш ұйымға бірігіп, барлығы 14 573 одақ мүшесін құрайтын ұйым мүшелеріне 1168 құқықтық қызмет көрсеткен.
Сот тәртібімен кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін білдіруде есепті кезеңде сотқа 5 талап арыз, 8 өзге де процессуалдық өтінім хаттар беріліп, 3 рет сотта өкілдік жасалған. Есеп берілген 12 айда инспектордың экономикалық тиімділігі 10 244 458 теңгені құраған.
Ал, Байзақ ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлова өткен 1 жыл мерзімде білім мекемелерінде 87 еңбек заңдылығын бақылау жұмысын ұйымдастырып, қолданыстағы еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 261 жағдайын анықтаған. Олар: еңбек ақы төлеуде - 122, жұмыс және демалыс уақытының режиміне қатысты - 14, еңбек қатынастарын рәсімдеуде - 41, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша - 28, әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың талаптарының орындалуы бойынша - 28, еңбек тәртібі мен тәртіптік тәжірибе бойынша және басқа да 20 заңбұзушылық. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша жасалған тоқтамдар мен ұсыныстар саны – 40. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржының нақты соммасы – 2023 оқу жылына 1 млн 608 мың 487 теңгені құраған.
Атқару комитетінде Шу ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспектор Елдана Тілеужанның да 2022 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін атқарған жұмысының есебі тыңдалып, талқыланды. Аталған мерзімде инспектор 80 тексеріс жүргізіп, еңбек заңдылығының 120 бұзылу жағдайын анықтаған. Осы кезеңде кәсіподақ мүшелерінен түскен өтініштердің саны – 24, берілген құқықтық кеңестер саны - 683 құраған. 2022 жылдың сәуір айынан бүгінгі таңға дейін Шу ауданында экономикалық тиімділік 20 596 551 теңгені құрап отыр.
Бұдан бөлек Атқару комитетінде Кәсіподақтың Меркі, Т.Рысқұлов аудандық ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің жүргізілу жағдайы мен кіріс және шығыс сметасының сақталуы, облыстық оқу орталығының кәсіподақ оқуларын ұйымдастыру мен өткізу, Әлеуметтік әріптестік туралы 2024-2026 жылдарға арналған облыстық салалық Келісім, Ұжымдық шарттар жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топ құрамын жасақтау және бекіту туралы сұрақтар қаралып, әр сұрақ бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-