КӘСІПОДАҚ КЕҢЕС БЕРДІ
Ағымдағы жылдың 12-13 қыркүйек күндері «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы мен заңгері Юлия Айбосынова Құрманғазы ауданына іссапармен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – З. Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының бір топ қызметкерлері тарапын түскен арыздарына қоғамдық бақылау жүргізу және аудандағы білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерімен кездесіп, оларға еңбек заңдылықтары туралы кеңес беру.
Облыстық салалық ұйымның қызметкерлері мектеп-интернаттың кәсіподақ мүшелерінің талап-тілектерін тыңдай отырып, себепсіз олардың тәрбиешіліктен басқа жұмысқа келісімсіз ауыстырғанын анықтады. Бұл бағытта ҚР Еңбек туралы заңы аясында жұмыстанатын болып келісті. Сондай-ақ, білім беру мекемесі әкімшілігіне бірнеше заңнамалық түсініктемелер беріліп, ұжымдағы тұрақты моральдық ахуалды жақсарту бағытында шараларды жүзеге асыру керектігі ескертілді.
Кездесудің келесі бағыты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін жеке қабылдау болды. Аудандық филиалда болған қабылдауға 31 кәсіподақ мүшелері жеке келіп, еңбек заңдылығы бағытында көптеген сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Олардың ішінде педагогтардың сағаттық жүктемесі, келісу комиссиясының жұмысы, іссапарлар шығынын төлемдерін төлеу тәртібі, зейнеткерлердің еңбек құқығы, бала-бақша меңгерушілерінің түйіткілді мәселелері, кір жуушы қызметкерлердің еңбегін жақсарту, кәсіподақ қатарына қайтадан мүшелікке қабылдау, заңды еңбек демалыстарын алу тәртібі, шипажайларға емделу жәйі және тағы басқа әлеуметтік қорғау бағытында көптеген сұрақтар болды. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелері өз сұрақтарына сәйкес барлық құқықтық актілерімен қамтамасыз етілді.
Кездесуге келген барлық кәсіподақ мүшелері осындай шаралардың да болашақта жалғасын таба беруіне тілектестік білдіріп, заң аясында кеңес бергені үшін облыстық, аудандық салалық ұйым қызметкерлеріне өз ризашылдықтарын жеткізді.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі
-
Фото
-