ЕҢБЕК АДАМЫ
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Мұғалім деген кіршіксіз атауға қылау жұқтырмау оңай емес. Кезінде сол бір аяулы жандарды алтын діңгекке теңеп, көзі ашық, көкірегі ояу деп құрметтеген. Ол үрдіс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінде білім беру саласында тәжірибелі, озық ойлы, өз мамандығының хас шебері болған кісілер жетерлік. Солардың бірі – №2 Хромтау гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмағазина Гүлсім Шаймарданқызы.
Ол – ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған жан. Сондай-ақ, өз ісіне берілген білікті маман. 1963 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз мұғалім боламын деген бала арманның жетегінде жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Осылайша филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игеріп шықты.
Гүлсім Шаймарданқызы шәкірттерін білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден түйген тәжірибесін сіңірді. Біздің кейіпкеріміздің оқу-ағарту саласында тәжірибесі мол. Еңбегі еш кеткен жоқ. Мұғалімнің білім саласындағы еңбегі шәкірттердің жетістігімен өлшенеді ғой. Бұл тұрғыдан келгенде Гүлсім Шаймарданқызы жемісті еңбек етіп келеді.
Ұстаздың басты ұстанымы – келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, сапалы білім беру. Соның нәтижесінде қаншама асулардан асып, биіктерді бағындыруда. Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, білім саласында Алғыс хаттармен марапатталып, құрмет төрінен көрініп жүр. Сондай-ақ шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып келеді. Атап айтсақ, аудандық және облыстық «Абайтану» олимпиадасында І дәрежелі диплом, Абай пәндік олимпиадасында ІІ дәрежелі диплом, «Туған ауылым-мақтанышым» эссе байқауында және «Ұлттық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптар: кеше, бүгін, ертең атты сырттай эссе байқауының «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломы берілді.
«Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы, білім шырағын жаға білу керек», – дейді ол.
Жақсы мұғалім – қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын қоғамның ең озық тұлғасының бірі болып есептеледі. Бүгінгі біз сөз еткен ұстаздың да негізгі мақсаты осындай.
Жалпы, білім саласының ыстық суығын бірдей көріп, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүрген осындай мұғалімдер қандай құрметке де лайық. Ұстазы мықтының ұстанымы мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Гүлсім Жұмағазинаның шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.