ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қазіргі таңда Ойыл ауданында білім саласының спорт деңгейі де қарқынды дамып келеді. Жастардың бұл тұрғыда еңбектері де ерекше. Осы орайда абыройдың ақ туын аспанға желбіретіп жүрген жас спортшы ұстаздарымыздың ұйқысыз түндерін айтпай өтпеске болмас. Ойыл жастарын білім шыңына тәрбиелеп отырған ұстаз бар, ол Амангелді орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Халидуллин Өркен Бауыржанұлы.
Ол 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітіргесін өзінің білім алған Амангелді орта мектебіне орналасып, ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Өркен Бауыржанұлы мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ спортқа жаны құмар болып өсті. Мектеп ұжымы жас маманды кәсіби тұрғыдан жоғарғы деңгейлі, өз қызметін білімділікпен басқара алатын, өзіндік талғамы мен талабын көрсете алған белсенді, жаңашыл ұстаз деп біледі. Өркен Халидуллиннің өзі еңбектің жемісі мен шәкірттерінің жетістіктері ауданның тыныс-тіршілігі және тұрғындардың мейірімділігімен байланыстырады.
Оқу үдерісіне шәкірттерінің қызығушылығын арттыру мақсатында тынбай еңбек етіп келген жас ұстаздың өзі де әдістемелік тұрғыдан үнемі ізденісте жүреді. Жеңіске жету жолында ол тынымсыз еңбек етті. Жан жылуын, бойындағы бар асыл қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіріп, ел намысын қорғайтын мықты спортшы дайындау оның алға қойған мақсаты. Соның нәтижесі болар, шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде аудан намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр.
Ұстаздық жолын бастағанына көп жыл бола қоймаған Өркен Халидуллиннің еңбегі елеусіз қалмады. Білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін Ақтөбе облысының білім басқармасының, Ойыл ауданның білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Ойыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің Алғыс хатымен марапатталып, түрлі спорттық жарыстардың жүлдегері атанды.
Ұжымдастары Өркен Бауыржанұлын салмақты, жауапты, бірсөзді жігіт ретінде таниды. Жасөспірімдердің спортпен дұрыс айналысуына, жоғары нәтижеден көрінуін көздеген оның мақсаты орындалып келе жатыр. Қазіргі таңда Ойыл ауданындағы Амангелді орта мектебінде өзінің беделін емес, шәкірттерінің, ауданның абыройын алға қойған Өркенге Хабидуллиннің жұмысына табыс тілейміз!