ЕҢБЕК АДАМЫ
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ», – дейді Ахмет Байтұрсынов. Иә, бүгінде білім беру саласында көп нәрсе өзгерді, дегенмен мұғалім – оқушысына үлгі болатын шебер болып қала бермек. Нағыз шебер өз шәкіртіне сенім білдіреді.
Олардың алға жылжуына, өсіп-жетілуіне ықпал етеді. Білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелейді. Ал, бұл кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейді. Ол тек қана қажырлы, өз жұмысын жақсы көретін, өз оқушыларын биік шыңға жетелегісі келетін ұстаздың қолынан келеді. Осындай жүрегі мейірімге толы, өз өмірін мектеппен, білім алушымен ұштастыра білген білікті ұстаздың бірі – Сансызбаева Гүлбаршын Ораққызы.
Ол – Құрман орта мектебінде 1984 жылдан бері математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Қызықты да күрделі мұғалімдік мамандықты таңдаған Гүлбаршын Ораққызы өз бойындағы шеберлікті, жан-жақты білімділікті, икемділікті, шәкіртжандылықты, оқушыларға деген мейірімділікті көрсете білді. Ол өзінің әрбір сабағында шәкірт жүрегіне жол тауып, оның қызығушылығын ояту мақсатында рухани күш-жігерін, парасат-қуатын аямай тер төгуде.
Ол – мамандығын шексіз сүйетін еңбек адамы. Математика пәнін терең, жан-жақты білетін ұстаз өз пәнінің әдістемесін жетік меңгерген. Гүлбаршын Сансызбаеваның әр сабағы мазмұны жағынан үздік құрылған, ауызша есептеуден күрделі есептер шығаруға арналған түрлі тапсырмаларды жұптық, топтық жұмыс түрлері арқылы оқушылардың қызығушылығын тудырып, оларды ізденімпаздыққа баулып, логикалық ойлау қабілетінің дамуына ықпал ете біледі.
Педагог шеберлігі – тек дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Гүлбаршын Сансызбаева да үнемі ізденіп, өз білімін жетілдіріп, шыңдап отырады. Ол өз білімін, тәжірибесін дамыта түсу үшін, үнемі аудандық, облыстық семинарларға, республикалық конференцияларға қатысады.
Ізденімпаз ұстаз еңбегінің нәтижесі – ол сабақ беретін сынып оқушыларының математика пәніне деген қызығушылығының жоғары болуы. Оның шәкірттері көптеген аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындар иеленіп, ұстаздарының үмітін ақтап жүр.
Еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Ойыл аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен Ойыл аудандық білім қызыметкерлерінің кәсіподағы ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.
Сансызбаева Гүлбаршын Ораққызы өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, айналасындағы жандардан көмегін алмайтын, еңбекқор жан. Әріптестері, ата-аналар және оқушылары арасында үлкен беделге ие, сыйлы ұстаз.