ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз болу жай ғана бір кәсіптің етегінен ұстау емес, оған үлкен жүрекпен келу керек секілді. Себебі мұғалім сабақ беріп қана қоймайды, алдына келген тал шыбықтай жас өренді үлкен өмірге қанаттандырып, тәрбиелейді.
Сабағын бір сарындылыққа ұрындырмай, оқушыны ынта-ықыласпен тыңдата білу ұстаздың ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен байланысты екені белгілі.
Байғанин ауданында беделіне кірбің түсірмей, өз кәсібін адал ұстанымда атқарып жүрген ұстаздар жетерлік. Солардың қатарында Жарқамыс орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Отарбаева Жұлдыз Жетіруқызын айрықша атап айтуға болар. Ұстаздардың төл мерекесіне орайлас болған соң жерлесіміз жайлы аз-кем ой қозғағанды жөн санадық.
Мектеп қабырғасында тарих пәнін оқытуымен қатар, үнемі ізденіс үстінде жүріп, тарихи-танымдық мақалалар жазатыны тағы бар. Қай кезде болмасын қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін жан-жақты ұстаз, өз ісінің шебері. Сондай-ақ, ол облыстық тарихшы ұстаздардан құрылған шығармашылық топтың және аудандық шығармашылық топтың мүшесі.
Жиырма бес жылға жуық ұстаздық еткен оның үлкен жеңіске, жетістікке жетуіне мектеп басшылығы мен әріптестерінің де қосқан үлесі зор. Жұлдыз Отарбаеваның қоғамдық және педагогикалық жұмыстары мектеп басшылығы тарапынан лайықты бағаланып келеді. Мектептің ұлағатты ұстазы ретінде ол Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен және Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Иә, ұстаздардың барлығы шәкірттерінің биіктен көрініп, жақсы азамат болғанына қуанады, шәкіртімен мақтанады. Жұлдыз Отарбаева да дәл солай, білім берген оқушыларының жетістіктеріне шаттанып, көп жылғы еңбегі мен маңдай терінің ақталғанына шексіз риза.
Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын жан-тәнімен сүйген, «өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген ұстанымы бар кейіпкеріміздің толағай табыстарға жете беретіндігі күмән туғызбайды.