ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады.
№1 Алға мектеп-бақшасының биология пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз - Ережепова Бөбек Фермебайқызы, бүгінде 35 жыл еңбек жолын шәкірттерін білім нәрімен сусындатуға арнаған аға буын ұстаз.
Ережепова Бөбек Фермебайқызы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Тұрыш ауылында дүниеге келген. 1983-1988 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтын Химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1988 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы Тәуіп орта мектебінде бастады. 1996 жылға дейін аталған мектепте қызмет етіп, 1996 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін №1 Алға мектеп-бақшасының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, әрі биология пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді.
Бөбек Ережепова ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына, Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының «Өз ісінің шебері» марапатына ие болып, облыстың «Үздік биология пәнінің мұғалімі» номинациясының иегері атанды.
«Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайтын болады» деген нақыл сөз Бөбек Фермебайқызы туралы айтылғандай. Шәкірттерінің жұлдызын жарқыратып, биік асуларды бағындыруға білім мен жігер берген, бүгінгі күнге дейін танымдық байқауларға, ғылыми жобаларға, пән олимпиадаларына шәкірттер дайындап, олардың Республикалық, облыстық, қалалық деңгейлерде жүлделі орындарды иеленуі - ұстаздың бүгінгі күнге дейінгі өлшенбес еңбегінің нәтижесі, ал шәкірттерінің шыққан белестері мектебіміздің айбынын көтерді.
«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген, бүгінде ұстазымыздың шәкірттерінің бірі еліміздің түкпір - түкпірінде халыққа қызмет көрсетіп жүрген білікті, білімді мамандар.
Біз әңгімеге арқау еткен білікті басшы, ұлағатты ұстаз, ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі әлі қоғамға берері мол. Бұған шүбәсіз сенеміз...