ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…
Жамбыл облысында Мұғалімдер күніне орай «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты мерекелік іс-шара өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты іс-шараға ұстаздар, сала ардагерлері, кәсіподақ көшбасшылары мен қонақтар қатысты. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Биыл алғаш рет еліміздегі Ұстаздар күні 5 қазанға бекітілді. Бұл ұстаздарға деген құрметтің бір көрінісі деп білемін. Президентіміз қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң барша мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталды. Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалау, жыл сайын олардың еңбекақысын көтеру, біліктіліктерін арттыру және жұмыстарын жеңілдету шаралары қабылдануда. Педагогтердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалуда, - деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын марапаттау рәсіміне ұласты. Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забида Ахмедоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» жоғары атағы берілді. Сондай-ақ, облыстың білім саласының дамуына зор үлес қосқан ұстаздар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Өңірдегі білім ұяларының дамуына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарға 100 мың және 150 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Мерекелік шара Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Алтынбек Қоразбаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединованың қатысуымен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-