ЖАМБЫЛДА ЖАС ПЕДАГОГТАРДЫҢ СЛЕТІ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы 10 қазан - Қазақстан кәсіподақтары күні және Мұғалімдер күні мерекелеріне орай еңбек адамының әлеуметтік ахуалы мен кәсіби құқықтарын қорғау, ұстаз еңбегін ұлықтау мен мәртебесін асқақтату, жас педагогтар арасында кәсіподақтық сананы қалыптастыру мақсатында «БҮГІНГІ КӘСІПОДАҚҚА – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР!» атты жас педагогтардың облыстық слетін өткізді. Слетқа облыстағы білім беру мекемелерінің басшылары, жас ұстаздар, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков іс-шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Ең үлкен әлеуметтік социум өкілдері біріккен білім саласындағы еңбек адамының әлеуметтік ахуалы соңғы жылдары артып келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. Әлеуметтік әріптес - білім басқармасы, білім бөлімдерімен арадағы конструктивті қарым-қатынас, шынайы әрі пәрменді әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы біздің кәсіподаққа біріккен 65 мың кәсіподақ мүшесіне қатысты көптеген түйткілдердің түйіні тарқаған. Соның ішінде жастардың оң азаматтық ұстанымын қалыптастыру, қоғамдық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру, әрбір кәсіподақ мүшесін мемлекеттік және қоғамдық өмірге қызу атсалысатын қайраткер ретінде тәрбиелеу мәселесі басты назарда. Бүгінгі іс-шарамыз соның бір дәлелі. Кәсіби бірлігіміз бен кәсіби ынтымақтастығымыздың символына айналған мерейлі мерекелер құтты болсын!, - деді Ерұлан Сәбенұлы өз сөзінде.
Салтанатты іс-шарада Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов құттықтау сөз айтып, бірқатар кәсіподақ белсенділерін ҚР кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» медалімен, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, ҚР кәсіподақтар федерациясының «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Сондай-ақ, еңбек майданына енді араласқан жас мамандарды кәсіподақ қатарына қабылдап, кәсіподақ билетін табыс етті. Ал жас мамандар кәсіподаққа арнау оқып, Ант қабылдады.
- Кәсіподақ қатарына өтуім – ақылмен таразыланған шешімнің нәтижесі. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Кәсіподақ мүшесі болу – тек құқықтық, материалдық қолдау ғана емес, ұжымдағы қауымдастық пен ынтымақтастық белгісі. Бұл үлкен өмірге қадам басқан күн мәңгі есімде қалатын болады, - дейді Меркі ауданы білім бөлімінің Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Ислам Жеңісбек.
Кәсіподақтар қоғамның саяси жүйесінің құрамдас бөлігі бола отырып, облыстың саяси-әлеуметтік дамуына да өз үлестерін қосуда. Осы ретте, салтанатты мерекеде бірқатар ұстаздар қауымы мен кәсіподақ белсенділерін Жамбыл облыстық мәслихатының экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Фарида Жунісова мен «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхан Жұмабек құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
Облыстағы 65 мыңнан астам білім және ғылым саласының өкілдері 803 бастауыш ұйымға біріккен болса, бұл күні бастауыштардың да қатары ұлғайды. Биылғы оқу жылының қарсаңында білімді де дарынды жастарға есігін айқара ашқан «Мөлдір бұлақ» балалар сауықтыру орталығы мен Тараз қалалық №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы мекемелерінің еңбек ұжымдарында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, Жергілікті кәсіподақтың іргесін бекіте түсті. Жаңа мекемелерді салтанатты түрде кәсіподақ қатарына Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Орынбаева мен Жергілікті салалық кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қабылдады.
Жиында еңбек адамын ұлықтау мақсатында 40 жылдан аса еңбек өтілі бар азаматтар үшін қабылданған «Еңбек ардагері» медалімен бірнеше сала ардагері марапатталды. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-