ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ
Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Бүгінгі әңгімемізге арқау боп отырған ана жолын жалғаған мұғалжарлық Шакибаевтар отбасын жұрт «Ұстаздар әулеті» деп таниды. Әуелі отбасының отанасы, өмірінің 45 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Донова Ақжан Төлеуқызы туралы тарқата жазсақ.
Еңбек жолын 18 жасында Шалқар ауданы Шахты ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ұстаз кейін Ембі қаласындағы №4 және №2 мектептерде алдыңғы қатарлы білікті маман атанды. Саналы ғұмырын бала оқыту мен тәрбиелеуге арнаған Ақжан Төлеуқызы өзінің ұрпақтарын да осы бағытқа жетелеген. Дүниеге әкелген 4 баласының үшеуі ана жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдаған. Бұл шаңырақта мұғалімдік қызмет ұрпақтан-ұрпаққа лайықты жалғасып келе жатыр. Үлкен қызы Гүлнар Сағидоллақызы анасының жолын қуып бастауыш сынып мұғалім қызметін атқарады. Ал, ұлы Нұрланбек Сағидоллаұлы отыз жылдан бері Ембі қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебінде бейнелеу өнері мен дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келеді. Қызы Әлия Сағидоллақызы да Ақтөбе қаласындағы №60 жалпы білім беретін орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Шакибаевтар әулетіне түскен қос келіндері де білім саласында қызмет етеді. Айта кетсек, Ақжан Төлеуқызының үлкен келіні Райгүл Болатқызы Ембі қаласындағы №3 жалпы білім беретін орта мектебінде 36 жылдан бері мектеп кітапханашысы болып жұмыс жасаса, ал кіші келіні Салтанат Әбубәкірқызы жолдасымен бірге Ембі қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебінде 30 жылдан астам бастауыш сыныбының мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Ынтымағы жарасқан, бұл әулеттің қарым-қатынасы сыйластыққа, бауырмалдыққа, ынтымаққа негізделген. Бұлар бір-біріне тілекші, ақыл-кеңес қосып, қол ұшын беріп жатады. Шакибаевтар әулеті «жасы кіші ініні – ақылы артса аға тұт, жасы үлкен ағаны – жақсы сыйлап жаға тұт» деген нақылды өмірлік ұстанымы етіп келеді. Әулеттің қайсыбір мүшесін алмайық, бәрінің де өздерінің еңбектері үшін алған марапаттары жетерлік. Жүздерінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты ұстаздар әулеті еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі. Бір-біріне қолдау көрсетіп, білгенін үйретуден жалыққан емес.
«Ұстаз болу - ұлы іс». Осы ұлы іске іңкәрліктің жалыны Шакибаевтар отбасында әрқашанда лаулай берері анық. Өйткені, ұлағатты жолдағы ана аманатына адалдықтың білтесі бұл әулетте тұтасынан тұтанған…
-
Фото
-