АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗЫ
Тынышбаева Лиза Жақыпқызы 1987 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, ұстаздық қызметте өзінің білімділігімен, іскерлігімен, ізденгіштігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп, заман талабына сай жоғары санатты мұғалімдер қатарында Байғанин ауданының №3 Қарауылкелді орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келеді. Білім беру мазмұнын жаңартуда заманауи инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланып, мұғалімдердің шығармашылық дағдысын көтеру, бәсекелестігін арттыру мақсатында жұмыс жасауда.
Ұстаздардың кәсіби шеберліктерін шыңдап, іскерлік қабілетін дамытуда педагогикалық оқулар, ғылыми-әдістемелік семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, байқауларға үздіксіз қатысып келеді. Лиза Жақыпқызы өз ісін жете білетін өнерлі, өнегелі ұстаз.
Оның басты мақсаты – әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде танып-біліп, олардың дара ерекшелігіне сай ой-өрісін, талғамын, дүниетанымын заман талабына лайық дамыта отырып тәрбиелеу. Осы тұрғыда айта кетсек, шәкірттері Жансая Тобыш, Айбек Әскербай үш жыл қатарынан «Яссауитану» байқауынан облыста жүлделі орын алып, Түркістан қаласында үш мәрте республикалық байқаудың лауреттары атанды.
Сонымен қатар басқа да шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысып, жүлдері орын иегерлері атанып жүр. Лиза Жақыпқызы елеулі еңбектері үшін бірнеше рет аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
Лиза Тынышбаеваның есімі 2022 жылы «Ақтөбе облысының үздік педагогі» энциклопедиясына енді. Ол 1999 жылы облыстық «Жыл мұғалімі» байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алып, 2010 жылы «Облыстың ең үздік педагогі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, Байғанин ауданының «Жыл адамы» атағын иеленіп, 2016 жылы ҚР «Үздік педагог» байқауының жүлдегері, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, жуырда «Ақтөбе облысының үздік ұстазы» төсбелгісінің иегері атанды.
Ұстаз бақыты – шәкірт алғысымен келеді десек, Лиза Жақыпқызы шәкірттердің алғысына бөленіп жүрген бақытты, әрі Ақтөбе облысының үздік ұстазы.