ДӘРІСХАНАДА – КІР ЖУУ МАШИНАЛАРЫНЫҢ ОПЕРАТОРЛАРЫ
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстың білім беру мекемелерінде еңбек ететін кір жуушыларды «кір жуу машиналардың операторы» мамандығына оқыту басталды. Бұл шараны жүзеге асыру үшін Атырау энергетика және құрылыс және Құрманғазы аграрлы – техникалық колледждері таңдалып алынды.
Бүгінгі күні аталған колледждерде 7 топта 187 тыңдаушылар дәріс тыңдауда. Оқу мерзімі – 1 ай. Курс барысында тыңдаушылар жұмыс кезіндегі техника қауіпсіздігімен, химиялық материалдардың түрлерімен танысып, кір жуу машинасының құрылысымен және оның жұмыс жасау технологиясын меңгереді. Оқу дуалды жүйе арқылы жүзеге асырылады, яғни тыңдаушылар алғашқы екі аптада теориялық білім алса, соңғы екі аптада теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында мекемелерден кәсіптік тәжірибеден өтеді. Колледж әкімшілігі тыңдаушыларға өз мамандықтарын меңгеруге толық жағдай жасады.
Курс аяқталғаннан кейін олар білікті жұмысшылар ретінде есептеліп, ҚР Үкіметінің 31.12.2015 ж. № 1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысы 3 қосымшасының ескертпесіне сәйкес азаматтық қызметшілердің құрамына кіреді, яғни оларға лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 28.12.2015 ж. №1053 бұйрығымен бекітілген Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ оларды беру Қағидаларының 46 бөлімі 179 т. сәйкес кір жуу машиналардың операторларына күнтізбелік 6 күн қосымша еңбек демалыс беріледі.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ