ЖАМБЫЛДА КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен облыстағы білім мекемелері мен ұйымдарындағы келісу комиссияларының мүшелеріне арналған 3 күндік семинар өтті. «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбындағы кәсіподақтық оқыту семинарына келісу комиссиясының мүшесі болып табылатын: бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, кадр бөлімінің қызметкерлері, заңгерлер, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ мен Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ қызметкерлері қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков алғы сөз айтып, оқудың мазмұнымен, тәртібімен және мақсатымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Жергілікті кәсіподақ ұйымы 65 мыңнан аса сала қызметкерін мүшелікпен қамтып отыр. Ол дегеніміз сонша еңбек дауы туындауы мүмкін екендігін білдіреді. Әрине, ұжымдық немесе еңбек даулары болмағаны жақсы немесе оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Ал дау туындағанда тараптар бірінші келісу комиссиясында өз талаптарын айтып, мәселені бейбіт шешуге тырысады. Соған орай Сіздерге еңбек заңнамасын қолдану, құқықтық сауатты көтеру, сонымен бірге еңбек кодексімен көзделген міндетті оқытуды біз өз жауапкершілігімізге алып отырмыз. Семинар жұмысына сәттілік тілеймін!, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Мұнан кейін Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова «Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері. Келісу комиссиясын құру мен оның жұмыс тәртібі туралы. Іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» тақырыбында дәріс жүргізді. Бас инспектор өз сөзінде жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылатынын, заңды тұлға мәртебесіндегі әрбір білім және ғылым ұйымдарында құрылып, кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасақталатынын, әрбір тараптан өкілдер саны еңбек ұжымы қызметкерлерінің санына байланысты белгіленіп, оның жұмыс тәртібі, мазмұны мен шешімдер қабылдау тәртібі ұйым басшысы мен кәсіподақ комитетінің арасында жазбаша келісім бойынша белгіленетінін айтты.
Келесі болып қаралған тақырып – «Жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі» бойынша Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков дәріс оқыды. Лектор өз дәрісінде басымдықты келісу комиссиясының тәжірибелік жұмысына беріп, іс жүзінде кездесетін мәселелерге кеңірек тоқталды.
- Келісу комиссиясының мүшелері жеке еңбек дауын қарау уақытында жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылады. Олар еңбек дауын арыз тіркелген күннен бастап 15 күндік мерзімде қарауға міндетті. Қарау мерзімі объективті себептерге байланысты және тараптардың бірінің өтініші бойынша ұзартылып, ол туралы жеке шешім шығарылуы тиіс. Қызметкерге тәртіптік жаза шарасын қолдану туралы дауды шеше отырып, еңбек даулары жөніндегі комиссия заңсыз салынған немесе теріс қылықтың қатаңдығына сәйкес келмейтін жазаны жоя алады. Дегенмен, комиссия бір жазаны екінші жазалау шарасымен алмастыра алмайды, өйткені ҚР ЕК 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза шараларын таңдау құқығы жұмыс берушіге тиесілі. Ал басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған немесе жұмыстан шеттетілген қызметкерді жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалуға тиіс, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Мұнан кейін қаралған тақырыппен қатар еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, тыңдаушылардың сауалдарына заңгерлер жауап берді. Барлық қатысушыға игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді. Қатысушылар өздерінің алғыстарын білдіріп, семинар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-