БИЛІК БАҚЫЛАУЫНДАҒЫ ШАҒЫМ
Бүгін «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне пошта арқылы облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжғалиевадан хат келді. Ол Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиевтің атына жазылған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының 2023 жылғы 5 қазандағы № 3Т-2023-019773566 хатына жауап болатын. Хатқа тоқталмас бұрын оқырман назарын мына жайттарға аударсақ дейміз.
Баршаға мәлім, 2021 жылға дейін аудандық жерде орналасқан білім беру ұйымдарын қаржыландыру аудандық бюджеттен ұйымдастырылып, бірқатар азаматшылық қызметшілердің еңбек ақыларына 25 пайыздық қосымша ақы төленіп келген болатын.
Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 11 мамырдағы №98 «Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын, азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және мәдениет саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы» қаулысына сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бір топ қызметкерлеріне 25 пайыз төлеу тоқталатындығы және қаржы қаралмайтындығы жөнінде аудандық білім беру бөлімдеріне хабарланған еді.
Бұл мәселе «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігін бей-жай қалдырмады. Өйткені білім беру саласында тым аз еңбекақымен күнелтіп отырған маман-қызметшілердің арасында дау-дамайдың туындауына әкеліп соқтыруы мүмкін еді. Осы жағын ескерген салалық кәсіподақ бірлестігі төрағасы Қылышбай Сүндетұлы атынан облыс әкімі Серік Шапкеновке және облыстық мәслихаттың төрағасы Мұса Хайруллиевке жоғарыдағы өкімге өзгерістер енгізу туралы ұсыныс хат жолданған болатын. Аталған мәселеге жақында аймаққа іссапармен келген Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым жене жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашева да араласты.
Бүгін осы мәселеге орай бізге жауап жолдаған Экономика және қаржы басқармасы басшысының жауап хатына қысқаша тоқтала кетсек. Кәсіподақ көтерген мәселені облыстық білім беру басқармасына жүктеген, нәтижесінде олардың тарапынан екі рет ұсыныс хат түскен. Бұл өзгерістер қосымша қаржыларды талап ететін болғандықтан қолданыстағы бюджеттік заңнамаларды негізге ала отырып, алдын-ала есептеу жұмыстары жүргізіліп, аймақ басшысына ұсыныс дайындалатын болды. Сондай-ақ, қолданыстағы қаулыға өзгерістер енгізуге жергілікті органның келісімі қажет. Құрметті әріптестер! Бұл ауқымды жұмыстардың барлығы дерлік уақытты талап етеді. Сондықтан аз ғана сабырлық танытуға шақырамыз. Сіздердің талап-тілектеріңіздің жергілікті атқарушы және өкілді органдардың тарапынан оңды шешімін табады деп сенеміз.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі баспасөз қызметі