ҰЙЫМШЫЛДЫҚҚА ЖАҢА СЕРПІН: ҚОСТАНАЙДА КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ОНЛАЙН ФОРМАТТА БАС ҚОСТЫ
Қостанай облысында кәсіподақ қозғалысын жаңғырту және бастауыш ұйымдармен тікелей байланыс орнату мақсатында «Қалың қалай, бастауыш?» онлайн-жобасының кезекті отырысы өтті. Жиынға өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысып, еңбек ұжымдарындағы ахуалды, өзекті мәселелерді және саланың болашақ даму бағыттарын кеңінен талқылады.
Онлайн-кездесуде Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сөз алып, аталған бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол бұл жобаның кәсіподақ мүшелеріне өзекті мәселелерін бүкпесіз жеткізуге және заң аясында нақты, шұғыл шешімдер табуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңына айналғанын атап өтті. «Біз әрбір бастауыш ұйымның тыныс-тіршілігінен хабардар болуымыз керек», – деді төраға.
Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров Кәсіподақтың XV Съезінде айқындалған стратегиялық міндеттерді іске асыру тетіктеріне назар аударды. Оның айтуынша, ұйым жұмысының басты басымдықтары — қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын кешенді қорғау, еңбек дауларының алдын алу және мүшелердің құқықтық сауаттылығын жүйелі түрде арттыру. Кездесу барысында ол қатысушылардың еңбек заңнамасына қатысты қойған күрделі сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, құқықтық кеңестер берді.
Қостанай облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Валентина Кушетерова өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Осыдан үш жыл бұрын небәрі 12 бастауыш ұйыммен жұмысын бастаған облыстық құрылым бүгінде нағыз серпіліс жасап отыр. Қазіргі таңда ұйым қатары 11 мыңнан астам мүшені біріктіретін 194 бастауыш ұйымға жеткен. Бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіподақ қозғалысына деген сенімнің нығайғанын және ұйымдық жұмыстың жоғары қарқынмен дамып жатқанын айқын көрсетеді.
Жиын соңында қатысушылар жобаның тиімділігіне жоғары баға беріп, мұндай форматтағы кездесулердің ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі зор екенін атап өтті. Бастауыш ұйым төрағалары өз тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті жұмыс барысындағы ерекшеліктерді ортаға салды. Сондай-ақ, қатысушылар еңбек заңнамасына қатысты көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап алды.
«Қалың қалай, бастауыш?» жобасы алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерін қамтып, кәсіподақ белсенділері арасындағы байланысты нығайтатын маңызды платформа ретінде өз жұмысын жалғастыра бермек.