ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ
Кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамының мүддесін қорғау, ұжымдағы тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз ету. Бұл бағытта аймақтар арасындағы тәжірибе алмасу алаңдарының маңызы зор.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 18-19 мамыр күндері Шымкент қаласының басты ғылыми-білім, зияткерлік және мәдени орталығы – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің базасында мазмұнды кездесу өтті. Тәжірибе алмасу шарасына Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірлерінің кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Басқосу барысында еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктері, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағытындағы озық тәжірибелер талқыланды.
Жиын аясында салалық кәсіподақ өкілі Индира Сакауова мұндай кездесулердің маңызы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталса, жергілікті бастауыш ұйым төрағасы Қуаныш Мұсабеков оқу орнындағы еңбек ұжымына жасалған әлеуметтік жағдайлар мен өзіндік жұмыс ерекшеліктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар Шәкәрім атындағы университеттің кәсіподақ жетекшісі Қарлығаш Курмамбаева, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінен Гүлнар Баяхметова, Торайғыров университетінен Бибенур Байдалинова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дан Бейбіткүл Жақсылықова және С. Аманжолов атындағы ШҚУ өкілі Анеля Таранова өз ұйымдарындағы нақты іс-шаралармен, тиімді әдіс-тәсілдермен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бірлік бар жерде – нәтиже бар». Алдағы уақытта да жоғары оқу орындарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өзара байланысы нығайып, осындай игі бастамалар тұрақты түрде жалғасын таба бермек.
-
Фотографии
-