ПЕДАГОГТЫҢ НЕГІЗГІ АҚЫЛЫ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНЫҢ ҰЗАҚТЫҒЫ ТУРАЛЫ
2025 жылдың 15 қазанынан конкурс негізінде мектепке мұғалімдік қызметке орналастым. Алдыңғы мектебімнен өз еркіммен босатылдым, пайдаланылмаған еңбек демалысымның күндеріне өтемақы берілді.
Жаңа жұмыс орнымнан еңбек демалысы неше күнге беріледі?
ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес педагогтарға ұзақтығы күнтізбелік 56 күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік берілген.
ҚР Еңбек кодексінде (әрі қарай – ҚР ЕК) ақылы еңбек демалысын берудің тәртібі белгіленген. ҚР ЕК 91-бабы негізінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2)жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт есепке алынады.
Осы ретте, білу маңызды: Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімінің (әрі қарай- Салалық келісім) 6.8. - тармағына сәйкес тамыз - қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтарға оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде, яғни негізгі ақылы еңбек демалысы күнтізбелік 56 күнге берілетінін ескеру қажет.
Сіздің жағдайда Салалық келісімнің 6.8. тармағына сәйкес ненізгі ақылы еңбек демалысы алдын ала толық 56 күнтізбелік күнге беріледі.
Егер педагог тамыз, қыркүйек және қазан айларынан кейінгі айларда жұмысқа орналасса, онда ақылы еңбек демалысы жоғарыда көрсетілген ҚР ЕК 91-бабына сәйкес беріледі.
ҚР ЕК 1-бабы 1-тармағы 8)-тармақшасы бойынша Салалық келісім – құқықтық акт болып саналады.
ҚР ЕК 154-бабының 2 және 7-тармақтарына сәйкес Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады, сондай-ақ келісімнің талаптарын жалтару, сол сияқты бұзу немесе орындамау ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 97-бабы 3-тармағына сәйкес Ұжымдық шартта, Салалық келісімде белгіленген міндеттемені орындамау немесе бұзу кінәлі тұлғаларға 400 (төрт жүз) АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.