ҰЛЫТАУДА КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ БІРІКТІ: ОНЛАЙН-ЖОБА ЖАҢА СЕРПІНМЕН ЖАЛҒАСУДА
«Қалың қалай, бастауыш?» атты онлайн-жоба өз жұмысын жаңа кездесумен жалғастырды. Бұл жолы вебинарға Ұлытау өңірінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағалары қатысып, өз ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жобаның басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік және құқықтық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын бірлесе қарастыру. Мұндай онлайн-кездесулер өңірлер арасындағы байланыс орнатуға бағытталған.
Кездесу барысында Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, «Қалың қалай, бастауыш?» жобасының кәсіподақтар үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл алаң – бастауыш ұйымдарға өзекті проблемаларды ашық талқылап, оларды еліміздің заңнамасына және әлеуметтік әріптестік қағидаттарына сай шешудің нақты тетіктерін табуға мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Сондай-ақ, Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров Кәсіподақтың XV Съезінде қабылданған шешімдер мен бағдарламалық бағыттар аясында қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, еңбек дауларының алдын алу және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.
Өз кезегінде Ұлытау облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Қоңырбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Ол Ұлытау өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының дамуы мен бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыру бағытында жүзеге асып жатқан шаралар туралы айтты.
Ұлытау облыстық ұйымының құрамында 12 719 кәсіподақ мүшесі бар және 171 бастауыш ұйымды біріктіреді. Өткен жылдың өзінде ғана кәсіподақ мүшелерінен облыстық ұйымға 113 өтініш келіп түсті. Ұйым аппаратының мамандары 512 кеңес берген. Оның ішінде келісу комиссиясының мүшелеріне – 20 кеңес, жеке қабылдауда – 186, телефон және әлеуметтік желі арқылы – 306 берілді. Кәсіподақ ұйымы тарапынан 1 қызметкердің мүддесі сотта қорғалды. Жұмыстан заңсыз босатылған 9 қызметкер жұмысқа қайта орналастырылды.
Облыстық ұйым еңбек заңнамасының сақталуына 212 қоғамдық бақылау жүргізіп, 77 заң бұзушылық анықтаған. Оның ішінде: 32 – еңбекақы төлеуге қатысты, 9 – жұмыс уақыты мен демалыс уақытының бұзылуы, 36 – еңбек қатынастарын ресімдеу.
Ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін коммуналдық төлем өтемақысы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бекітілген. Бұдан басқа да еңбек заңнамасын сақтауға қатысты түрлі бұзушылықтарға жол бермеу жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында бастауыш ұйымдардың төрағалары өз жұмыстары туралы ақпарат беріп, кәсіподақ жұмысының ерекшеліктерін талқылады. Сонымен бірге еңбек заңнамасына қатысты көптеген сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды.
Онлайн-кездесу соңында қатысушылар жобаның тиімділігін жоғары бағалап, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы кәсіподақтардың өңірлік және салалық ынтымақтастығын нығайтатынын атап өтті.
«Қалың қалай, бастауыш?» жобасы алдағы уақытта басқа өңірлерде де жалғасын тауып, ел бойынша кәсіподақ белсенділерін байланыстыратын маңызды көпірге айналмақ.
-
Фото
-