ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ РӨЛІН КҮШЕЙТЕДІ
Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Заң қабылданып, соған сәйкес Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жаңашылдықтар еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейтуге бағытталған. Әсіресе, бұл өзгерістер еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар мен жұмыскерлер өкілдерінің қызметі үшін ерекше маңызға ие.
Негізгі жаңалықтардың бірі – ұжымдық шарттарға еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарын енгізу міндетінің заңнамалық деңгейде бекітілуі болды. Бұл еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін неғұрлым тиімді реттеуге, жұмыс берушімен өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға, анықталған бұзушылықтарды қарау тәртібін белгілеуге және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кепілдіктерін нақтылауға мүмкіндік береді.
Қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Ұжымдық шарттарда бұрынғыдай еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы іс-шараларды қаржыландыру, жұмыскерлердің денсаулығын жақсарту және өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде өтемақы беру жөніндегі жұмыс берушінің міндеттемелері қамтылуға тиіс.Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдайларды жасамағаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту маңызды қадамдардың бірі болды. Тиісті өзгерістер өндірістік жарақаттану мен кәсіби тәуекелдердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызын арттырады.
Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібіне енгізілген түзетулер тергеп-тексерудің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Зардап шеккен жұмыскерлер мен олардың өкілдерінің құқықтары кеңейтіліп, жұмыс берушілердің жұмыскерлер өкілдерін хабардар ету жөніндегі міндеттері нақтыланды. Сондай-ақ жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде адвокаттың немесе заң консультантының қатысу мүмкіндігі қарастырылды.
Сонымен қатар, жұмыскерлер өкілдерінің мемлекеттік еңбек инспекторларымен өзара іс-қимыл жасау кезіндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Енді жұмыскерлер өкілдерінің өтініштері міндетті түрде қаралуға тиіс, ал жұмыскерлер еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау саласындағы лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымданудың қосымша тетіктеріне ие болды.
Еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі маманның ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы туралы өзгеріс ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл ұйымды басқару жүйесінде еңбекті қорғау мәселелерінің мәртебесін арттырып, жұмыскерлердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді тиімді шешуге ықпал етеді.
Кәсіподақтар аталған өзгерістерді қоғамдық бақылау жүйесін дамытудағы, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлін нығайтудағы және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау деңгейін арттырудағы маңызды қадам ретінде бағалайды.
Жаңа заңнамалық нормаларды іске асыру білім беру және ғылым ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мәдениетін одан әрі жетілдіруге және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға ықпал ететін болады.