ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ – НАҚТЫ ІСТЕ
Павлодар қалалық кәсіподақ ұйымының жылдық жоспарына сәйкес, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру аясында ағымдағы жылдың 16 маусымында «Жігер» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында жұмыс тобының кезекті отырысы өткізілді.
Қоғамдық бақылауға Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Г.Джаркенова және қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Т. Нұркешов қатысты.
Отырыс барысында мекеме басшысы Ж.Саятовамен және орталық ұжымымен ашық диалог форматында кездесу өтті. Басқосуда ұжым ішіндегі өзекті мәселелер мен туындаған келіспеушіліктер ашық талқыланды.
Шара барысында ұжым мүшелерінің пікірлері тыңдалып, ұжымдық шарт тармақтарының орындалу деңгейі мен еңбек қатынастарына қатысты мәселелер қаралдф. Сонымен қатар ұжымның ішкі мәдениеті, педагог әдебі және мекеме құрылымының жүйелі жұмыс істеуі сөз болды.
Кездесу нәтижесінде ұжым ішіндегі даулы жағдайларды оңтайлы шешу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мынадай нақты ұсыныстар берілді:
Құқықтық тепе-теңдікті сақтау: еңбек дауларын тек заңнама мен ұжымдық шарт аясында, екі тараптың да мүддесін ескере отырып шешу;
Коммуникацияны жақсарту: мекеме әкімшілігі мен қызметкерлер арасындағы ішкі байланысты күшейтіп, түсініспеушіліктерді дер кезінде жою тетіктерін енгізу;
Медиацияны қолдану: ұжым ішіндегі психологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында педагог әдебі жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру және дауларды медиация тәсілімен реттеу.
Кәсіподақ тарапынан берілген бұл ұсыныстар мекемедегі еңбек тәртібін нығайтуға және шығармашылық ұжымның бірлігін сақтауға септігін тигізеді деп күтілуде.
-
Фото
-