Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашеваның Білім күнімен құттықтауы
ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР!
ҚҰРМЕТТІ ОҚУШЫЛАР МЕН АТА-АНАЛАР!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа оқу жылы – білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған межелерді нақты іске асыратын кезең. Еліміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақтың келешек іргетасы қаланатын жауапты уақыт. Бұл күн – әрқайсымыз үшін ерекше ыстық, өзіндік орны бар айтулы мереке.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», -деп ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім әрбір оқушыны білім нәрімен сусындатады, ақыл-парасатқа, еңбекке баулиды. Саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнайды.
Осындай ұлағатты жолды таңдаған ұстаздар қауымына зор денсаулық, қажымас қайрат, толағай табыс пен шығармашылық шабыт тілеймін.
Бүгін мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндеріміздің қадамы оң болсын! Білімге деген құштарлықтарыңыз сөнбей, еліміздің мерейі, ата-ананың қуанышы, ұстаздың мақтанышы болыңыздар!
Қымбатты оқушылар мен ата-аналар! Сіздерге табысты оқу жылын, жаңа жетістіктер мен биік белестерді бағындыратын таусылмас күш-жігер тілеймін. ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!