ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТАРИХИ МЕКТЕП
Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашеваның Түркістан облысына жұмыс сапары аясында киелі Түркістан қаласындағы Әмір Темір атындағы мектепке арнайы барды. 1964 жылы іргетасы қаланған білім ордасы – Түркістанның білім тарихында өзіндік орны бар, талай ұрпаққа білім мен тәрбие берген тарихи мектеп. 1994 жылы мектепке Әмір Темірдің есімі беріліп, 2005 жылы қазақ сыныптары қайта ашылған. Бүгінде білім ордасын Г. Мамбетова басқарып келеді.
Мектепті аралау барысында төрайым оқу кабинеттерімен, білім алушыларға жасалған жағдаймен және ұжымның еңбек тынысымен танысты. Мектептің 82 қызметкері түгелдей Салалық кәсіподақ мүшелері. Ұжыммен ашық форматта кездесіп, кәсіподақ жұмысы, еңбек жағдайы мен қызметкерлердің ұсыныс-пікірлері туралы пікір алмасты. Мектепте әр сыныптың интерактивті тақтамен жабдықталуы да білім алушыларға жасалған заманауи мүмкіндіктердің бір көрінісі.
Мектепте патриоттық тәрбиеге де айрықша мән берілген. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Закир Абдураймовтың ұсынысымен Ұлы Отан және Ауған соғыстарына арналған мұражай жасақталған. Ал заманауи кітапхана оқушылардың кітап оқып, ізденуіне, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы орта қалыптастырған. Кітапхананың қалыптасуына елеулі үлес қосқан кітапханашы Наргиза Алимованың еңбегін атап өткен жөн.
Ұстаздар еңбегін қолдау және кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Салалық кәсіподақ тарапынан мектеп ұжымына қаржылай көмек көрсетіліп, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту мақсатында шипажайлық жолдама табысталды. Бұл – кәсіподақтың еңбек адамын қолдауға, оның әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған нақты жұмысының көрінісі.
Алты онжылдыққа жуық тарихы бар Әмір Темір атындағы мектеп бүгінде білім мен тәрбиені, еңбек пен бірлікті сабақтастырған ұйым ретінде өз дәстүрін жалғастырып келеді. Салалық кәсіподақ үшін осындай ұжымдармен тікелей байланыста болып, қызметкерлердің мәселесін тыңдау және қолдау көрсету – маңызды міндеттердің бірі.
-
Фото
-