ЕҢБЕК АДАМЫ
«Ұстаз» деген ұлы ұғым — адамзат баласына ізгілік пен білім нұрын себуші абзал жандарға ғана лайық атақ. Сол асыл мамандықтың иесі, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында бар күш-жігерін арнап жүрген жанның бірі – Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғалиева Айгүл Владимировна.
Айгүл Нұрғалиева 1970 жылдың 15 сәуірінде Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қызылту ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Бегалы орта мектебін тәмамдап, 1992 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Сол жылы Бегалы орта мектебіне қызметке орналасып, содан бері ұстаздық жолынан айныған емес.
Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында абыроймен еңбек етіп келе жатқан, «Педагог-зерттеуші» санатына ие тәжірибелі маман өз ісінің нағыз шебері атанып отыр. Ұстаздың қарапайымдылығы, ұқыптылығы және еңбексүйгіштігі оны әріптестері мен оқушыларының арасында ерекше құрметке бөлейді.
Айгүл Нұрғалиеваның шәкірттері қала, облыс, республика және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Оның оқушылары республикалық «Ақберен» байқауында, «Зерде» жобалар конкурсында және пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Көпжылдық еңбегі мен жетістіктері ескеріліп, ол Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының «Білімі мен шығармашылық шеберлігі үшін» Алғыс хатымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ республикалық және облыстық пәндік олимпиадаларда І дәрежелі дипломдар иегері атанып, облыстық педагогикалық олимпиадада І орын алған.
Айгүл Нұрғалиева – өз кәсібіне адал, шығармашылыққа жаны құмар, ұжым мен ата-анамен бірлесе жұмыс істей білетін білікті ұстаз. Ол жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндеті санайды. Ел ертеңінің іргетасын қалайтын, жас ұрпаққа жол көрсететін мұндай ұстаздар нағыз еңбек адамдары, қоғамның рухани тірегі. Айгүл Нұрғалиева – ұлағатты ұстаз, шәкірт жүрегіне жол таба білген өнегелі тұлға.