АДАЛ ЕҢБЕК ИЕСІ – АУЛА СЫПЫРУШЫ
Қоғамда әр мамандықтың өзіндік орны бар, себебі кез келген жұмыс – ортақ игілікке қосылған үлес. Кейбір мамандықтар көзге көп түсе бермесе де, олардың маңызы орасан зор. Солардың бірі — аула сыпырушы. Көпшіліктің көзіне елеусіз көрінетін бұл мамандық иелерінің еңбегі, шын мәнінде, үлкен құрметке лайық.
Біздің №84 - бөбекжай балабақша ашылған күнінен бастап адал еңбегімен көзге түсіп жүрген – Әбілғазы Орманбеков. Ол өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін бар күшін салатын еңбексүйгіш адам. Балабақша ашылған алғашқы күннен бастап өзінің табандылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен жан. Күн сайын таң сәріден тұрып, балабақшаның ауласын, әр бұрышын таза ұстап келеді.
Отбасының тірегі, қамқоршысы болып отырған А.Орманбековтың еңбегі барша ұжымға үлгі. Ол тазалықты тек жұмыс емес, рухани тәрбие деп біледі. «Тазалық бар жерде – береке бар» деген ұстаныммен жүрген атамыз ұжымының нағыз абыройлы мүшесіне айналған. Осындай адал еңбегімен Абілғазы ата жас ұрпаққа еңбектің қадірін, қарапайым істің де үлкен маңызын көрсетіп келеді.
Аула сыпырушы еңбегі — үнсіз ерлік. Оларсыз балабақшаның тазалығы да, жайлы ауласы да, жылы атмосферасы да болмас еді. Тазалық – тәртіп, ал тәртіп – табыс бастауы. Сол табыстың артында – ерен еңбегімен еліне қызмет етіп жүрген Абілғазы ата сияқты жандар тұр. Сондықтан біз Абілғазы атадай еңбексүйгіш, адал жандарды әрдайым мақтан тұтамыз!
Аула сыпырушы – ел ішіндегі мыңдаған еңбек адамының бір бөлігі ғана. Олардың еңбегі зор құрметке лайық. Сондықтан біз оларды сыйлап, еңбектерін бағалауымыз керек.
Ұ.Төлепберген,
№84 бөбекжай балабақша
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Алматы қаласы