ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫНДА ЖАҢА ТӨРАҒА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Әйтеке би ауданының есептік-сайлау конференциясына қатысты. Жиынға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова есеп беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен негізгі нәтижелерге тоқталды. Кәсіподақ қызметі білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек қатынастарын тұрақтандыруға және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталды.
Айта кетейік, білім саласындағы жұмыс берушілермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылып, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізілді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру, еңбек дауларын алдын алу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. Әлеуметтік қолдау мен қоғамдық белсенділікті арттыру да кәсіподақ жұмысының маңызды бағыты болды. Қызметкерлердің денсаулығын нығайту, демалысын ұйымдастыру, мәдени-танымдық іс-шаралар өткізу бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Әйелдер мен жастармен жұмыс жанданып, олардың бастамаларын қолдауға және кәсіподақ қозғалысына тартуға басымдық берілді.
Сөз соңында облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова бірқатар үздік кәсіподақ белсенділеріне Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының марапаттарын табыстады.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Сәулеш Біртаева сөз сөйлеп, білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту бағытында кәсіподақ ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесін атап өтті. Сондай-ақ алдағы кезеңде де өзара ынтымақтастықты нығайтып, педагогтар мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің кіші қызметкерлеріне шипажайларға жолдама сертификаттары, аудандық кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің бірлескен алғыс хаттары тапсырылды.
Жиында көпшіліктің бірауыздан қолдауымен, ашық дауыс беру арқылы Әйтеке би ауданының кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Ахметов Мейрамбек Болатбайұлы сайланды.
-
Фото
-