ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаздың әрбір айтқан сөзі мен үйреткен әрбір сабағы шәкірт тағдырына бағыт беретін баға жетпес қазына. Қиын сәтте демеу болып, жетістікке жеткенде бірге қуана білетін, жүрек жылуын шәкірт бойына сіңіре алатын жандар – нағыз ұстаздар. Осындай ұлағатты ұстаздардың бірі – Тайгөзова Сайра Қайырбайқызы.
Сайра Тайгөзова Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Бестау мектеп-бөбекжай-балабақшасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі қосымша әлеуметтік педагог қызметін абыроймен атқарып келеді. Педагогикалық еңбек өтілі – 20 жыл.
Болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдаған Сайра Тайгөзова 2006–2009 жылдары Әлия Молдағұлова атындағы колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, кейін 2014–2017 жылдары Батыс Қазақстан технологиялық-инновациялық университетінде осы мамандық бойынша жоғары білімін толықтырды. Еңбек жолын 2006 жылдан бастап, бүгінгі таңда педагог-сарапшы санатына ие болып отыр.
Ұстаз үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, білім беру саласындағы тың жаңашылдықтарды өз тәжірибесінде тиімді қолдана білетін жаңашыл педагог. Оның жемісті еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен лайықты бағаланып келеді. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасында өткен облыстық педагогикалық олимпиадаларда бірнеше мәрте жүлделі бірінші және үшінші орындарды иеленген. Сондай-ақ Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының, Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен, аудандық білім бөлімінің бірнеше Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Сайра Тайгөзованың еңбегінің жемісі – оның шәкірттерінің жетістіктерінен айқын көрінеді. Бірнеше шәкірті «Алтын белгі» иегері атанса, аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар түрлі шығармашылық байқауларда облыстық деңгейде екінші, үшінші орындарды жеңіп алып, ұстаз абыройын асқақтатуда.
Қорыта айтқанда, Тайгөзова Сайра Қайырбайқызы – білім беру саласында мол тәжірибесі бар, кәсіби шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен ерекшеленетін нағыз ұлағатты ұстаз, өз ісінің шебері.