АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ҰСТАЗ
Ауыл мектебінен түлеп ұшып, республикалық деңгейде абсолютті жеңіске жету – шәкірт үшін де, оны тәрбиелеп, білім берген ұстаз үшін де зор мәртебе. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы Даниярбек Мағжан Нұрлыбекұлының география пәнінен екі жыл қатарынан республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атануы – соның айқын дәлелі.
Бұл жетістіктің негізінде 36 жылын ауыл мектебіне арнаған тәжірибелі ұстаз, география пәнінің мұғалімі Сағынбаева Асия Тельманқызының қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі жатыр.
Асия Сағынбаева 1968 жылғы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Темірастау мектебінде білім алып, кейін Ақтөбе қаласында орта білімін аяқтады. 1985–1990 жылдары Арқалық педагогикалық институтында «Физика» мамандығы бойынша жоғары білім алды. 2016–2018 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «География» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленіп, кәсіби біліктілігін тереңдете түсті.
1991 жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы мектепте үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Асия Тельманқызы – білікті педагог, педагог-сарапшы. Ол ұзақ жылдар сынып жетекшісі және әдістемелік бірлестік жетекшісі қызметтерін атқарып, мектептің оқу-әдістемелік жұмысының дамуына елеулі үлес қосты.
Ұстаз сабақ барысында заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолданып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлауын, зерттеушілік және талдау дағдыларын қалыптастыруға басымдық береді. Соның нәтижесінде оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Даниярбек Мағжанның білім додаларындағы жүйелі жеңістері – ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен табанды еңбектің жемісі. Ұстазының бағыт-бағдары мен жүйелі дайындығы оқушының өзіне деген жауапкершілігін арттырып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Нәтижесінде ол Қ.Сәтбаев атындағы университеттің мемлекеттік білім грантының иегері атанды.
«Ұстаз – ұлттың ұйытқысы» деген сөз осындай жандарға қарата айтылса керек. Бір шәкірттің жеңісі – ондаған жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі. Осындай ұстаздар барда ауыл мектебінен шыққан дарынды жастардың әлі талай биікті бағындырары анық.
-
Фото
-