АҚТӨБЕДЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Көктемнің шуақты айы – Наурыз халқымыз үшін берекелі мерекелерге толы кезең. 1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, сондай-ақ Амал мерекесі мен Ұлыстың ұлы күні де осы айда аталып өтеді. Осындай айшықты күндер аясында ұстаздарға құрмет көрсету дәстүрі жалғасын тапты.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау» атты салтанатты шарада сала өкілдерінің еңбегі еленді. Жиынға педагогтар, әлеуметтік әріптестер, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылары, спорттық және пәндік байқаулардың жеңімпаздары қатысты.
Дәстүрлі шара аясында жиналғандар үшін ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, бес тас, гір көтеру және тоғызқұмалақ сияқты ойындарға қатысып, қаржорға биін де биледі. Шараға қатысушылар белсенділік танытып, ұлттық ойындарға ерекше қызығушылықпен атсалысты.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова жиналған қауымды мерекемен құттықтап, кәсіподақ ұйымының негізгі бағыттарына тоқталды. Облыстық ұйым көшбасышысы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек дауларын тиімді шешу, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру – кәсіподақ қызметінің басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздардың кәсіби мәртебесін арттыру, олардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова сапалы білім беру ісі педагогтардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін айтып, сала қызметкерлеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде Ақтөбе облыстық әдістемелік орталықтың басшысы Дина Жаманбаева мұғалім мамандығының қоғамдағы айрықша орнына назар аударды.
Салтанатты жиында әлеуметтік әріптестер «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және шипажайға жолдамалармен марапатталды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қызметкерлеріне облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттары мен обыстық кәсіподақ ұйымының ақшалай сертификаттары тапсырылды. Бұл марапаттар жоғары оқу орны ұжымының өңірдегі білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесін айғақтайды.
Шара аясында 50 педагогқа Сарыағаш өңіріндегі шипажайға жолдама ұсынылды. Марапаттар ұстаздардың көп жылғы еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуының нәтижесі ретінде табысталды. Сонымен қатар 50-ге жуық білім қызметкері тарихи-танымдық сапарларға жолдама алды. Олар Ташкент және Самарқанд қалаларына, сондай-ақ Бурабай мен Зеренді өңірлеріне саяхат жасайды. Мұндай бастамалар ұстаздардың мәдени-рухани демалысын ұйымдастыруға бағытталған.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
-
Фото
-