КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ - БАСТЫ НАЗАРДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі, А.Жұбанов атындағы музыка колледжі және Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің келісім комиссиясы мүшелеріне мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына, кадр қызметкерлеріне, заңгерлерге семинар өткізді. Шара «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісім комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыптарын қамтыды.
Семинардың мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіру, сондай-ақ ұжымдық шарт пен келісім комиссиясының жұмыс тәртібі туралы кеңінен ақпарат беру.
Семинар барысында облыстық ұйымның заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау тетіктерін түсіндіріп, еңбек дауларының негізгі себептеріне тоқталды. Сонымен қатар келісім комиссиясының қызметі, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келіссөз жүргізу мәдениеті және дауларды жанжалсыз шешу жолдары талқыланды. Кәсіподақ заңгерлері ұжымдық шарт міндеттемелерінің орындалуы туралы ақпарат беріп, жүктемеге байланысты еңбекақы, үстемеақы және жәрдемақы төлеу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ жұмысшы мен жұмыс берушінің міндеттері нақты айтылды.
Айта кетейік, семинар Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының 17-бабы 5-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Қатысушылар оның практикалық маңызын атап өтіп, мұндай шаралар еңбек дауларын заң аясында тиімді шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға ықпал ететінін жеткізді.
Семинардан кейін облыстық ұйым өкілдері Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінде қоғамдық бақылау жүргізді. Бақылау барысында еңбек қатынастарына қатысты ішкі құжаттар сараланып, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі тексерілді.
-
Фото
-