ЕҢБЕК АДАМЫ
Адал еңбек – кез келген істің берекесі мен табысының негізі. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет ететін мамандардың еңбегі – ұрпақ тәрбиесінің іргетасын қалайтын маңызды міндет. Осындай абыройлы жолда табандылықпен еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Байғанин ауданындағы «Қарауылкелді» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Әбішева Гүлсім Нұржігітқызы.
Гүлсім Әбішева 1984–1988 жылдары Гурьев педагогикалық институтында «Мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1988 жылы Ақтөбе қаласындағы балалар үйінде бастап, кейін 1989–1995 жылдары Байғанин ауданының «Қарауылкелді» балалар бақшасында қызмет атқарды. 2001 жылдан бері аталған бөбекжай-балабақшада абыройлы еңбек етіп келеді.
32 жылдық тәжірибесі бар білікті маман бүгінде «педагог-сарапшы» санатында еңбек етуде. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, баланың бойына мейірім, адамгершілік, білімге құштарлық сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздың еңбегі зор құрметке лайық.
Кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегі елеусіз қалған емес. Ол Ақтөбе облысының білім басқармасы мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген мұндай еңбек адамдары – қоғамның мақтанышы. Адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануға тиіс.