ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – жас ұрпақтың болашағын қалыптастырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін қоғамдағы ең маңызды тұлғалардың бірі. Осындай абзал жандардың қатарында Аязбаев Серік Еркінұлының орны ерекше.
Аязбаев Серік Еркінұлы — 1967 жылы 7 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жұрын совхозында дүниеге келген. Білім жолын 1974–1982 жылдары Жданов атындағы орта мектебінде бастап, кейін 1982–1986 жылдары Алматы политехникумында жалғастырды.
Еңбек жолын 1988 жылы өзі білім алған Жданов атындағы орта мектебінде еңбек пәні мұғалімі болып бастаған ол, 1996 жылдан бастап Алға ауданы Бестамақ орта мектебінде қызметін жалғастырып келеді. Ұстаздық жолында ол тек білім беріп қана қоймай, шәкірттерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөледі.
2018 жылдан бастап Серік Аязбаев «Робототехника» үйірмесіне жетекшілік етіп келеді. Ол – оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырған «Робо-көкпар» роботтар ойынының авторы. Ұстаздың жаңашыл бастамалары шәкірттердің техникаға деген қызығушылығын арттырып, олардың заманауи білімді игеруіне жол ашты.
2019–2020 жылдары үйірмеге қатысатын оқушылардан құралған «The Best» командасы «Робо-футбол» ойыны бойынша облыстық жарыстарда бірінші орын алып, чемпион атанды. Сонымен қатар, «Робо-көкпар» ойыны бойынша Бестамақ орта мектебінің «Көк бөрі» командасы облыстық үш чемпионатқа қатысып, екі рет бірінші орын, бір рет екінші орын иеленіп, жүлделі кубоктарға қол жеткізді.
Ұстаздың жетекшілігімен үйірме оқушылары түрлі байқауларға қатысып, республикалық деңгейде де жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – мұғалімнің еңбегі мен шәкірттерге берген сапалы білімінің айқын дәлелі.
Серік Аязбаев оқушыларға тек роботтарды құрастыру мен бағдарламалауды ғана үйретіп қоймай, олардың болашақ мамандықты дұрыс таңдауына бағыт-бағдар береді. Оның басты ұстаздық ұстанымы – оқушыларға кәсіптік бағдар беру, саналы түрде мамандық таңдауға көмектесу және қателеспеуге үйрету.
Осындай еңбекқор, жаңашыл ұстаздардың арқасында еліміздің болашағы жарқын болмақ.