ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Жас ұстаз – ел болашағын тәрбиелейтін, жаңашылдық пен ізденісті қатар алып жүретін тұлға. Осындай талапқа сай, өз ісіне адал хромтаулық жас мамандардың бірі – Чепеленко Екатерина Вячеславовна.
Екатерина Чепеленко ұстаздық жолды бала кезінен таңдаған. Ол 2001 жылы Ақтөбе облысындағы кеншілер қаласы Хромтауда мұғалім мен инженер отбасында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ белсенділігімен көзге түскен ол түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Сонымен қатар хореография студиясын тәмамдап, биге де қызығушылық танытқан. Алайда уақыт өте келе әдебиетке деген сүйіспеншілігі басым түсіп, болашақ мамандығын осы бағытта таңдады.
2018 жылы №4 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған Екатерина Ресейдегі Самара ұлттық-зерттеу университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Төрт жылдық білімін сәтті аяқтаған соң, туған елге оралып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің жас мұғалімі ретінде еңбек жолын бастайды. 2025 жылы магистратураны тәмамдады.
Еңбек жолының алғашқы күндерінен бастап-ақ ол мектеп өміріне белсене араласып, сынып жетекшісі ретінде оқушыларымен тығыз жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар кәсіби байқауларға қатысып, оқушыларымен ғылыми жобалар дайындауға ерекше көңіл бөледі. Ол облыстық «Педагогикалық идеялар фестивалінде» ІІІ дәрежелі дипломға ие болса, аудандық «Орыс тілі пәнінің үздік мұғалімі» байқауында І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ республикалық пәндік олимпиадада мұғалімдер арасында І дәрежелі диплом иеленді.
Әріптестері арасында да Екатерина Чепеленко беделді маман ретінде танылған. Ол пәндік апталықтарда, шығармашылық байқауларда, зияткерлік марафондарда белсенділік танытып, мектеп өміріне серпін беріп келеді.
Ол – аяулы ана, сүйікті жар. Жолдасымен бірге кішкентай қыз тәрбиелеп отыр. Жас ұстаздың алдағы жоспары ауқымды. Оның кәсіби жолында әлі талай биік белестер мен жетістіктер күтіп тұр. Ең бастысы – өз мамандығына деген сүйіспеншілік пен адалдық. Осындай қасиеттер жас маманды үлкен табыстарға жетелері сөзсіз…