ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
☑️Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен білім бөлімінің бірлесуімен 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай аудандық семинар өткізілді. Семинардың басты мақсаты – психоәлеуметтік жұмыс ортасының маңызын түсіндіру, стрессті басқару, тиімді қарым-қатынас орнату және ұйым ішінде қолайлы атмосфера қалыптастыру дағдыларын дамыту болды.
🌿 «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы – жұмысшылардың өркендеуіне және күшті ұйымға апаратын жол» тақырыбындағы жиынға 60-қа жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, техникалық еңбек инспекторлары мен психологтер қатысты. Қатысушылар жұмыс ортасындағы негізгі факторларды – жұмыс көлемі, жұмыс кестесі, тапсырмалардың айқындығы, ұжым ішіндегі қолдау деңгейі сияқты аспектілерді кеңінен талқылады.
💬 Семинар барысында қатысушылар психоәлеуметтік қауіптердің алдын алу жолдарына ерекше тоқталды. Стресс, шаршау, жанжал сияқты мәселелердің алдын алу, психологиялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту бағытында тәжірибе алмасу өтті. Түрлі психологиялық тренингтер арқылы қатысушылар өзара пікір бөлісіп, тиімді әдістермен танысты.
🧠 Іс-шарада «Көшбасшылық командасы» ойыны арқылы қатысушылар командалық жұмыс дағдыларын жетілдірсе, «Допты қақ» жаттығуы зейін мен шапшаңдықты дамытуға бағытталды. Ал, «Ашуыңды бейнеле» ермексаз терапиясы қатысушылардың эмоционалдық күйін реттеуге көмектесті.
🤝 Талқылау барысында қатысушылар «жақсы жұмыс ортасы», «сенім мен ашықтық», «тиімді коммуникация» ұғымдарына ерекше мән берді. Олар ұжымдағы өзара құрмет пен қолдау, басшылықтың әділдігі мен кері байланысы қызметкерлердің мотивациясына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіби күйзеліс мәселесі де қозғалып, оның алдын алу жолдары қарастырылды.
📊 Семинар соңында қатысушылар «3 Қ» әдісі арқылы кері байланыс беріп, өз ойларын ортаға салды. Олар шара барысында алған білімдерінің өзекті әрі пайдалы болғанын жеткізіп, әсіресе психологиялық қолдау мен ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы