ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, еңбекті қорғау мәдениетін арттыру мен қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Биылғы шаралар «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы — жұмысшылардың өркендеуіне және күшті ұйымға апаратын жол» тақырыбы аясында өтті. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен 200-ге жуық астам дөңгелек үстел, семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып, оған кәсіподақ мүшелері, техникалық инспекторлар мен білім саласының қызметкерлері белсенді қатысты.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өткізген семинарда еңбекті қорғау жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай мазмұнды баяндама жасады. Ол қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасын қалыптастырудың маңызын атап өтіп, оның қызметкерлердің денсаулығы мен еңбек нәтижелілігіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар, еңбекті қорғау мәдениетін нығайту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіби тәуекелдердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігіне назар аударылды.
Байғанин ауданы. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы бірқатар білім беру мекемелерінде болып, ұжымдармен кездесулер өткізді. Кездесу барысында еңбек жағдайлары, әлеуметтік кепілдіктер мен қызметкерлердің құқықтары талқыланып, қатысушылар өз сұрақтарына нақты жауап алды. Сонымен қатар, еңбек демалысы, әлеуметтік қолдау және жұмыс жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар қарастырылып, ұжымдық бірлік пен өзара қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Шалқар ауданы. Аудандық кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің бірлесуімен өткізілген семинарда психоәлеуметтік жұмыс ортасының маңызы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар стресс пен кәсіби күйзелістің алдын алу, тиімді қарым-қатынас орнату және қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру жолдарын қарастырды. Тәжірибелік тренингтер мен топтық ойындар арқылы ұжымдық жұмыс дағдылары жетілдіріліп, психологиялық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға басымдық берілді.
Темір ауданы. №3 Шұбарқұдық жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған семинар жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға арналды. Іс-шара барысында тиімді коммуникация жолдары түсіндіріліп, мектеп психологы ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған тренингтер өткізді.
Ойыл ауданы. Аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде психоәлеуметтік ортаның еңбек қауіпсіздігіне әсері талқыланды. Қатысушылар жұмыс орнындағы эмоционалдық жағдай, психологиялық қолдау және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Психолог мамандар тәжірибелік кеңестер ұсынып, қатысушыларға тренингтер өткізді.
Ырғыз ауданы. Қарақұдық негізгі орта мектебінде өткен іс-шара педагогтердің эмоционалдық әл-ауқатын қолдауға бағытталды. Кездесу барысында кәсіби күйзелістің алдын алу, психоәлеуметтік қолайлы орта қалыптастыру және мұғалімдердің жұмысқа деген ынтасын арттыру мәселелері қозғалды.
Әйтеке би ауданы. Кәсіподақ ұйымының бастамасымен ауданда семинар ұйымдастырылды. Бұл шарада еңбек қауіпсіздігі, психоәлеуметтік қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланып, қатысушыларға жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлы ахуал жасаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мәртөк ауданы. Сарыжар №1 орта мектебінде өткен шара ұжымдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға арналды. Қатысушылар түрлі тренингтер мен пікір алмасулар арқылы тиімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын түсінді. Ашық диалог пен қолдау мәдениеті ұжымдағы табысты жұмыстың негізгі факторы екені атап өтілді.
Алға ауданы. №3 Алға қазақ орта мектебінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері қарастырылды. Еңбек қауіпсіздігі, заңнамалық талаптар және қызметкерлердің құқықтарын қорғау жолдары кеңінен түсіндірілді.
Мұғалжар ауданы. Аудан көлемінде бірқатар білім беру ұйымдарында еңбекті қорғау тақырыбында кешенді іс-шаралар өткізілді. Қызметкерлерге қауіпсіздік техникасы, төтенше жағдайларда әрекет ету, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылардың білімдері мен дағдылары жетілдірілді.
Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында өткізілген іс-шаралар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психоәлеуметтік қолайлы орта қалыптастыру және қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Бұл бастамалар еңбек мәдениетін дамытуға және ұжымдардағы тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосуда.