ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ - КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымының басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, білім беру саласында қызмет ететін педагогтар мен педагог емес қызметкерлердің қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуы ерекше назарды қажет етеді. Осы орайда Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының құқықтық инспекциясының заңгерлері еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі саналатын KIOSH 2026 конференциясы мен көрмесіне қатысуда.
Халықаралық деңгейдегі іс-шарада еңбек қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелер айтылып, кәсіби тәуекелдерді басқару, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағыттарына арналған. Жамбылдық кәсіподақ заңгерлері үшін бұл конференция кәсіби біліктілікті арттырудың маңызды алаңына айналды. Олар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерімен, сондай-ақ цифрлық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алудағы мүмкіндіктермен танысуда.
- Білім саласында қызмет істейтін барлық санаттағы қызметкерлердің құқығын қорғау ең алдымен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басталады. Қауіпсіз жұмыс орны, яғни жарық әрі жылы кабинет, арнайы киім сияқты мүмкіндіктер болғанда ғана жұмысшы алаңсыз еңбек етіп, жұмыс өнімділігі де арта түседі. Осы тұрғыда KIOSH 2026 алаңында алынған білім мен тәжірибе кәсіподақтың қоғамдық бақылау қызметін күшейтіп, білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді, - дейді Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызметінің басшысы Әлия Джолшибекова.
Аталған іс-шара кәсіподақ заңгерлері үшін үшін тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдер мен заманауи шешімдерді талқылауға кең мүмкіндік беретіні анық. Мұндай іс-шараларға қатысу кәсіподақ қызметінің сапасын арттырып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім мол.
Жамбыл облыстық ұйымы.