ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Шәкірттің тұлға болып қалыптасуы – ұстаз еңбегінің нәтижесі. Осы жолда адал қызмет етіп, саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған мұғалжарлық ұстаздардың бірі – Жанғылыш Айжан Зейнуллақызы.
Жанғылыш Айжан Зейнуллақызы 1980 жылы 9 қыркүйекте Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Алтай ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2000 жылы Қандыағаш қаласындағы №5 жалпы білім беретін орта мектебінде бастап, бүгінге дейін осы білім ордасында табысты қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі ұстаз.
Ұстаз еңбегінің айғағы – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары облыстық және республикалық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Мәселен, Муслима Қайратқызы «Сөз маржан» Collaboration Fest республикалық кезеңінде жүлделі ІІ орынға ие болып, «Дарын» ғылыми жобалар байқауында сертификат алған. Ал Перизат Елюбай Абайтану олимпиадалары мен Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиадада жүлделі орындар иеленген.
Айжан Жанғылыштың еңбегі жоғары бағаланған. 2025 жылы Мұғалжар ауданы әкімінің «Үздік ұстаз» аталымына ие болды. Сонымен қатар «Жыл таңдауы – 2025» қорытынды премиясында «Шығармашыл ұстаз» номинациясымен марапатталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің Алғыс хаты да оның кәсіби жетістігінің дәлелі.
Жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол Айжан Жанғылыш – шәкірт тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, өз ісінің шебері.