БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе облысы Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Мұрат Жамаладин аудан аумағындағы бірқатар білім беру мекемелерінде болып, кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді. Атап айтқанда, Қопа орта мектебі, Ақтан жырау негізгі мектебі және “Ебейті” бөбекжай балабақшасы ұжымдарымен жүздесті.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарының сақталуы, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайлары мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қоғамдық бақылау аясында мекемелердегі құжаттамалардың жүргізілуі, еңбек заңнамасының орындалуы және ұжымдық шарт талаптарының сақталу деңгейі қаралды. Қоғамдық бақылау нәтижесінде бірқатар ұсыныстар беріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Мұрат Жамаладин өз сөзінде кәсіподақ ұйымының басты мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың еңбек жағдайларын жақсарту екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
-
Фото
-