ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпаққа сапалы білім беруді мақсат еткен ұстаздардың бірі – Отарбаев Сұңғат Адайұлы. Ол 1997 жылдың 6 желтоқсанында Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Байқадам ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол өз ісіне берілген, білікті де ізденімпаз педагог ретінде танылып жүр.
Сұңғат Отарбаев 2015–2019 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде география мамандығы бойынша жоғары білім алды. Қазіргі таңда ол Қарғалы ауданындағы №2 Бадамша орта мектебінде география пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Еңбек жолын бастаған күннен-ақ ол кәсіподақ жұмысына белсене араласып, ұжым ішіндегі әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың, спорттық-сауықтыру жұмыстардың ұйымдастырылуына үлес қосып келеді.
Сұңғат Отарбаев – жаңашылдыққа ұмтылатын, ізденісі мол, жауапкершілігі жоғары ұстаз. Оның кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол түрлі деңгейдегі байқауларда үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Облыстық «Талантты балаға дарынды ұстаз» байқауында ІІ орын, Қарғалы ауданының «Ең үздік жас маман» сайысында І орын, облыстық ғылыми жоба байқауында ІІІ орынды иеленіп, сонымен қатар аудандық дебат қозғалысының жетекшісі әрі белсенді жас ұстаз ретінде танылған. Сондай-ақ, аудандық кәсіподақ ұйымының марапаты мен Ташкент-Самарқан қалаларына тарихи-танымдық саяхат жолдамасына ие болды.
Сонымен қатар, оның жетекшілігімен оқушылары республикалық және облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, мектеп абыройын асқақтатуда.
Сұңғат Отарбаев – өз ісіне адал, шығармашылық ізденісі үздіксіз дамып келе жатқан, білім беру саласына сүбелі үлес қосып жүрген жас маман.