«ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМ – ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ БАСТАЙДЫ!»
2026 жылдың 8 мамырында Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ мүшелері арасында Кентау қаласы Қарнақ ауылында орналасқан «URKER» мектебінің жазғы сауықтыру демалыс орнында ерекше форматтағы ауқымды тимбилдинг шарасы жоғары деңгейде өтті. Бұл тағылымды іс-шара кәсіподақ мүшелерінің басын қосып, ұжымдық ынтымақ пен серіктестікті нығайтқан, рух пен жігерді ұштастырған жарқын басқосуға айналды. Табиғат аясында өткен мазмұнды шара қатысушыларға ерекше серпін сыйлап, әріптестер арасындағы өзара түсіністік пен қолдауды арттыруға зор мүмкіндік берді.
Іс-шараның басты мақсаты – ұжым арасындағы ауызбіршілік пен сенімді нығайтып, ортақ мақсат жолындағы серіктестікті күшейту, ұйымшылдықты дамыту және кәсіподақ мүшелері арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыру болды. Бұл күн жай ғана спорттық жарыс емес, бір мақсатқа жұмылған жандардың татулығы мен бірлігін айшықтайтын, командалық рухты шыңдайтын тағылымды орта болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл игі бастама оқу жылының соңында кәсіподақ мүшелеріне көтеріңкі көңіл күй мен сергектік сыйлап, ортақ рух қалыптастыратын маңызды шараға айналып отыр.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде қадірменді қонақтар қатысушыларға ізгі тілектерін арнап, ұйымшылдық пен бірліктің маңызын ерекше атап өтті. Қатысушыларды Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Таукеева Манат Пазилбекқызы, Шаш-төбе жалпы білім беретін мектеп директоры Байметов Улугбек Шерикбаевич, М.Қашғари атындағы мектеп-лицей директоры Асаев Артур Валиханович, Қарнақ жалпы білім беретін мектеп директоры Матмусаев Мансур Бахадирович және Ақын-тұма №11 жалпы білім беретін мектеп директоры Мирзаев Бахрам Абдуганиевич арнайы құттықтап, сәттілік тіледі. Өз сөздерінде олар: «Бұл шара – тек спорттық сайыс емес, ол ортақ мақсат жолындағы ынтымақ пен рухтың, достық пен серіктестіктің салтанаты. Әрбір қатысушы – жеңімпаз, әр команда – бірлік пен күштің жарқын көрінісі», – деп атап өтті.
Ауқымды шараға 18 бастауыш кәсіподақ ұйымынан құралған командалар қатысып, өздерінің ептілігі мен ұйымшылдығын, шымырлығы мен белсенділігін жоғары деңгейде көрсетті. Тимбилдингтің басты ұраны – «Ұйымшыл ұжым – ұлы жеңіске бастайды!» болды. Қызықты әрі мазмұнды өткен сайыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, арқан тарту сайысында командалардың бірлігі мен күш-жігері сыналса, тас көтеруде қатысушылардың төзімділігі мен дене дайындығы байқалды. Садақ ату кезеңінде дәлдік пен зейін сынға түсіп, «Біз біргеміз» атты эстафета ұйымшылдық пен шапшаңдықтың жарқын үлгісіне айналды. Ал көңілді эстафета қатысушылар мен көрермендерге ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлап, шараның шырайын аша түсті.
Тимбилдинг қорытындысы бойынша үздік командалар арнайы марапаттарға ие болды. І орынды иеленген «Жеңіс» командасы 50 000 теңгелік сертификат пен арнайы дипломмен марапатталды. ІІ орынды «15 құрамасы» командасы иеленіп, 40 000 теңгелік сертификат пен дипломға қол жеткізді. Ал ІІІ орынды «Жас қыран 2» командасы қанжығасына байлап, 30 000 теңгелік сертификат және дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, 5 команда түрлі номинациялар бойынша марапатталып, әрқайсысына 10 000 теңгелік сертификаттар мен дипломдар табысталды. Бұл марапаттар қатысушылардың белсенділігі мен ұйымшылдығына берілген жоғары баға болды.
Шара соңында барлық қатысушыларға арнайы дастарқан жайылып, дәмді ас ұсынылды. Табиғат аясындағы жайдары кездесу бейресми форматтағы жылы әңгімемен жалғасып, кәсіподақ мүшелері көтеріңкі көңіл күймен әсер алмасты. Бір дастарқан басында бас қосқан әріптестер өзара пікір бөлісіп, достық қарым-қатынасты нығайта түсті. Мұндай игі сәттер ұжым арасындағы татулық пен сыйластықты арттырып қана қоймай, қатысушылардың бір-біріне деген құрметі мен сенімін күшейтті. Кеш соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай мазмұнды әрі тағылымы мол шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік танытты.
Осындай тағылымды шараның негізгі түйіні – бірлігі бекем ұжым кез келген белесті бағындыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеуінде. Ұйымшылдық пен ынтымақ бар жерде табыс пен жетістік қатар жүреді. Кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі мен ауызбіршілігі – қоғам дамуына қосылған үлкен үлес. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды жобалар мен жарқын кездесулер өз жалғасын тауып, кәсіподақ ұйымдарының ынтымағын одан әрі арттыра беретініне сенім мол.
Біз біргеміз – біз мықтымыз!
-
Фото
-