ҮЛГІ ТҰТАР ЖАС МАМАН
Әрбір мектептің мақтанышы өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білетін ұстаз. Сондай жанның бірі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қалижанов Мұхтар Әнуарбекұлы. Ол тек мұғалім ғана емес, спорт пен тәрбие арқылы оқушылардың болашағына жол ашып жүрген нағыз үлгі тұтар тұлға.
Мұхтар Әнуарбекұлының еңбегі оның шәкірттерінің жетістіктерінен анық көрінеді. Тоғызқұмалақтан тәрбиелеген оқушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, мектеп абыройын асқақтатуда. Тіпті мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектері де республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, ұстаз еңбегінің жемісті екенін дәлелдеп келеді.
Сонымен қатар бес асық ойынын дамытуда да оның үлесі зор. Мектеп қыздары аудандық және облыстық жарыстарда жеңіске жетіп, ұлттық спорт түрлерін насихаттауда үлкен жетістіктерге жетуде. Бұл ұстаздың тек спортқа ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметін көрсетеді.
Мұхтар Әнуарбекұлының өзі де спорттан шет қалмай, үнемі биіктерден көрініп жүр. Күрестен аудандық «Ақжар барысы» жарысында І орын алып, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуы оның нағыз спорт жанашыры екенін дәлелдейді. Осындай жетістіктері арқылы ол оқушыларына үлгі болып, оларды алға жетелейді.
Қалижанов Мұхтар Әнуарбекұлы тек білім беріп қана қоймай, оқушыларды шынықтырып, рухани және физикалық тұрғыдан дамытатын, өз ісіне шынайы берілген ұстаз. Оның еңбегі мен жетістіктері – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал өзі – шын мәнінде үлгі тұтар тұлға.