КӘСІПОДАҚТЫҢ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ КҮНІ
13 мамыр күні Қарағанды облысы, Абай ауданының Топар кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Қарағанды облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының Абай аудандық комитеті «Абай ауданындағы еңбек қауіпсіздігі күні» тақырыбында тәжірибе алмасуға арналған облыстық практикалық семинар өткізді.
Семинарға Бұқар жырау, Нұра, Қарқаралы, Осакаров, Қазыбек би, А.Бөкейхан аудандары мен Шахтинск, Сарань, Теміртау, Балқаш қалаларының аудандық және қалалық филиал төрағалары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары және семинардың құрметті қонақтары Абай ауданы білім бөлімінің басшысы З.Ахмадия, педагогикалық еңбек ардагері Б.Көрпешова қатысты.
Семинарды Абай аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Лилия Пфайфер ашып, іс-шараның мақсатына тоқталып, білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың маңыздылығын, сондай-ақ техникалық инспекторлардың рөлін атап өтті.
Қарағанды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмагүл Ракишева қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, Абай филиалының еңбек қауіпсіздігі саласындағы жүйелі жұмысына жоғары баға беріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинар барысында Қарағанды облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы Әсем Қасымова, облыстық кәсіподақтың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бас маманы Латиф Гасанов, облыстық кәсіподақтың Әлихан Бөкейхан атындағы филиалының төрағасы Меруерт Хасенова баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігін бақылау, өндірістік тәуекелдердің алдын алу және қоғамдық бақылау жүйесін нығайту мәселелері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Лилия Пфайфердің білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асырудағы заманауи тәсілдер мен цифрлық шешімдер туралы баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.
Баяндамалық бөлім аяқталғаннан кейін Технопаркке экскурсия ұйымдастырылып, оның барысында оқушылар өздерінің білімдерін, дағдылары мен шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар заманауи жабдықталған кабинеттермен, білім алушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы мен шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға жасалған жағдайлармен танысты.
Семинардың практикалық бөлімі де мазмұнды өтті. Педагог-психолог З.Дюсембина «Кәсіби қызметтегі эмоционалдық күйзелістің алдын алу құралдары» тақырыбында психологиялық тренинг өткізсе, Б.Момышұлы атындағы мектептің музыка пәнінің мұғалімі «Еңбекті қорғау: нақты мәселелердің жедел шешімі» атты кәсіподақтық экспресс-хакатон ұйымдастырды.
Сонымен қатар облыстық және республикалық «Үздік техникалық инспектор – 2025» байқауының жеңімпазы, Абай қаласындағы «Таңшолпан» бөбекжайының техникалық инспекторы Н.Плеканның тәжірибесі таныстырылды.
Іс-шара барысында «Таңшолпан» бөбекжайының қызметкерлері «Қауіпсіздік пен еңбекті қорғау – денсаулық кепілі» тақырыбында үгіт-насихат бригадасымен өнер көрсетті.
Семинар соңында «Еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» облыстық байқауына қатысушылар грамоталармен және сертификаттармен марапатталды.
Қатысушылар семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жұмыстарын жетілдіруге бағытталған маңызды әрі пайдалы тәжірибе алғандарын жеткізді.
-
Фото
-