БАСТАУЫШ ҰЙЫМ - БАСТЫ ТІРЕК
Онлайн форматта өткізілген «Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясындағы кездесуде цифрлық даму мен жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланды. Zoom платформасында ұйымдастырылған шараға Кәсіподақтар федерациясының басшылығы, аумақтық және салалық кәсіподақ филиалдарының жетекшілері, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі мен Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінің басшылығы, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кездесуді Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев ашып, акцияның негізгі мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысымен танысу, тәжірибе алмасу және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану екенін атап өтті. Сонымен қатар ол кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын ерекше айтты.
Іс-шара барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының бүгінгі қызметі мен қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы маңызды бастамалары туралы баяндады. Сонымен қатар облыстық кәсіподақ көшбасшысы Раушан Серікова өз сөзінде қазіргі таңда жасанды интеллект технологияларының білім беру саласында ғана емес, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруде де маңызды рөл атқарып отырғанын атап
өтті.
Кездесуде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің тәжірибесі таныстырылды. Колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпаизова оқу орнының жетістіктері, білім беру жүйесіндегі жаңашыл бағыттары мен цифрлық инфрақұрылымының дамуы жөнінде қысқаша ақпарат берді.
Одан кейін аталған колледждің директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Ринат Хайруллаев кәсіподақ ұйымына арналған Telegram-боттың жұмысын таныстырды. Заманауи цифрлық құрал кәсіподақ мүшелері үшін ақпарат алмасуды жеңілдетіп, кері байланысты жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Шара барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақмарал Жидеханова мен арнайы пәндер оқытушысы Әлішер Ділмағамбетов «Ұлттық құндылықтарды цифрлық ортада дамыту: жасанды интеллект арқылы білім беру жүйесін оңтайландыру» тақырыбында баяндама жасады. Колледж
қызметкерлері жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім сапасын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және білім беру процесін жетілдіру бағытындағы жобаларымен бөлісті.
Сондай-ақ арнайы пәндер оқытушысы Рамазан Абдуллин жасанды интеллект көмегімен фотосуреттен 3D-модель генерациялау мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл технологияның техникалық білім беру жүйесіндегі маңызы мен болашақтағы қолданыс аясы кеңінен талқыланды.
Онлайн кездесуде Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің тәжірибесі ұсынылды. Колледж директорының міндетін атқарушы Ақтолқын Бөрібай оқу орнының қызметі мен жетістіктеріне тоқталды. Ал, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Махаббат Төленғалиева кәсіподақ ұйымдарының жұмысында жасанды интеллектіні тиімді пайдалану жолдары туралы баяндап, цифрлық шешімдердің артықшылықтарын атап өтті.
Жиын соңында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов кездесуді қорытындылап, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді жұмысына жоғары баға берді. Сонымен қатар ол қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кәсіподақ қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтып, осындай тәжірибе алмасу алаңдарының маңызын ерекше атап өтті.
«Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясындағы бұл кездесу кәсіподақ ұйымдарының заманауи бағытта дамып келе жатқанын, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы мүшелермен байланысты нығайтып, білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды қолдауға дайын екенін көрсетті.
-
Фото
-