ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ - ТҰРАҚТЫ ҰЖЫМНЫҢ КЕПІЛІ
14 мамырда Павлодар қаласындағы Ж.Тәшенев атындағы мектептің базасында Павлодар қаласының мектепке дейінгі ұйымдардың Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Семинардың негізгі мақсаты - еңбек қатынастары саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбек дауларын заң аясында тиімді реттеу тетіктерін түсіндіру және комиссия мүшелерінің практикалық құзыреттілігін күшейту.
Іс-шараның ашылуында Павлодар облыстық ұйымының төрағасы Науразбаева Гүлбарам Әуезханқызы құттықтау сөз сөйлеп, Келісу комиссияларының еңбек құқықтарын қорғаудағы және ұжымдағы тұрақты әлеуметтік-психологиялық ахуалды сақтаудағы маңыздылығына тоқталды.
«Келісу комиссиясы: еңбек дауларын қарау тәртібі» тақырыбында қоғамдық бірлестіктің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Жаркенова Гүлшат Оралқызы мазмұнды дәріс өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Семинар барысында қатысушыларға еңбек заңнамасындағы өзекті өзгерістер, Келісу комиссиясының жұмыс алгоритмі, өтініштерді қабылдау және рәсімдеу тәртібі, еңбек дауларын сотқа дейін шешу жолдары түсіндірілді.
Практикалық бөлімде мектепке дейінгі ұйымдарда жиі кездесетін жағдайлар негізінде ситуациялық кейстер талданып, қатысушылар нақты тәжірибелік шешімдермен бөлісті. Әсіресе еңбек тәртібі, тәртіптік жауапкершілік, еңбек демалысы, жұмыс уақыты және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кәсіби пікірталас ұйымдастырылды.
Семинар интерактивті форматта өтіп, сұрақ-жауап алаңы мен тәжірибелік тапсырмалар қатысушылардың белсенді қызығушылығын туғызды. Қатысушылар құқықтық нормаларды тәжірибеде қолдану, жанжалды жағдайларда тиімді коммуникация орнату және ұжымдағы тұрақты ахуалды сақтау бағытында маңызды тәжірибе жинақтады.
Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Құқықтық мәдениетті дамытуға үлес қосып, кәсіби диалогқа белсенді қатысқан барлық әріптестерге алғыс білдіреміз!
-
Фото
-