ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Ақтөбеде Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен педагогтар арасында «Жасанды интеллект – болашақтың кілті» атты аудандық олимпиада өтті. Білім беру саласындағы цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған байқауға ауданның жалпы білім беретін мектептерінен 24 педагог қатысып, өздерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін танытты. Олимпиада ережеге сәйкес үш кезең бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, цифрлық тапсырмаларды орындау және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу бағытында бақ сынасты.
Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен алты педагогтан аудандық құрама команда жасақталып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Олимпиада нәтижесінде І орын №3 Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмаржан Борашеваға табысталды. ІІ орынды №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Нұрғаным Молдағазы мен №4 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Аймарал Жамаладинова иеленді. Ал, ІІІ орын №1 Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Рахат Бөлімбетовке, №3 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінің информатика пәні мұғалімі Наурызбек Әбілқасымовқа және Қазан жалпы негізгі білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Жандарбек Мунаевқа бұйырды.
Сонымен қатар олимпиада барысында қатысушылар «Промт шебері», «AI-зерттеуші», «Техно-педагог» номинацияларымен марапатталып, барлық педагогтарға Алғыс хаттар табысталды.
Аудандық кәсіподақ ұйымы білім саласы мамандарының кәсіби дамуына әрдайым қолдау білдіріп келеді. Осы жолы да жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталып, Алматы қаласына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамаға ие болды. Аталған олимпиада педагогтардың цифрлық білімін жетілдіруге, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдануға және тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік сыйлады.
-
Фото
-