ЕҢБЕК АДАМЫ
«Ұстаз» кәсіподағының белді мүшесі Михриниса Айдынқызы – тек хореограф қана емес, шәкірт жүрегіне жол таба білетін шебер ұстаз, шығармашылық тұлға. Оның әр сабағы – тәрбие мен талғамның, еңбек пен өнердің үйлесімі. Ол жас ұрпақтың бойына әсемдікке деген сүйіспеншілікті, сахна мәдениетін, ұлттық және әлемдік өнерге деген құрметті қалыптастырып келеді.
Алматыдағы №62 гимназияда құрған «Наргиз» ансамблі – бұл жай ғана би ұжымы емес, үлкен шығармашылық мектеп. Осы мектептен шыққан талантты шәкірттер бүгінде түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, еліміздің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүр. Болгария, Түркия, Франция, Испания елдерінде өткен беделді фестивальдердегі Гран-при – соның айқын дәлелі. Соңғы жылдары ансамбль өз биігін жоғалтпай, «Ақ шағала», «Бозторғай», «BalaFest» сияқты ірі байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Жақында өткен Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағының «Өнерлі өрге жүзеді» атты көркемөнерпаздар байқауында гимназияның кәсіподақ мүшелерінен құралған би тобы жүлдегер болды. Сахнада 5 минут өнер көрсеткен топтың дайындығы Михринисаның 2 ай бойы күн-түн демей өткізген еңбегі, костюм туралы қаншама ойлары, әр қозғалыс туралы күнделікті жұмысы. Бұл – жемісін беретін жүйелі еңбектің, кәсібиліктің және шығармашылық ізденістің нәтижесі.
Аусофин Маулен,
Алматы қаласы №62 гимназия техникалық инспекторы