АҚТӨБЕДЕ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЕСЕПШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен «Кәсіподақтағы қаржылық жұмыс. Есепшінің цифрлық көмекшісі: жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, шекаралары және қауіпсіздігі» тақырыбында екі күндік семинар-практикум өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіподақ ұйымдарындағы қаржылық жұмыстарды жетілдіру, бухгалтерлік есеп жүргізудің өзекті мәселелерін талқылау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндіру болды. Семинарға аудандық кәсіподақ ұйымдарының есепшілері және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен сала мамандары қатысты.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол ұйымның әлеуметтік әріптестікті дамытудағы, сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөліне кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар қазіргі кезеңдегі цифрландыру үдерісінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Раушан Серікова өз сөзінде биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылының» ел дамуының жаңа бағытын айқындайтынын жеткізді.
Семинарда облыстық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Алтын Базарғалиева кәсіподақ ұйымдарында бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржы-шаруашылық қызметті ұйымдастыру мәселелері жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Қатысушыларға қаржылық құжаттарды рәсімдеу, есептілік жүргізу және қаржы тәртібін сақтау бағытында нақты түсіндірмелер берілді.
Сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Айнагүл Маманова кәсіподақ ұйымдарындағы бақылау-тексеру комиссиясының жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері туралы айтып, бақылау жүйесінің ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Семинар-практикум барысында «Jan Ahual» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Ботагөз Қосмағамбетова эмоционалдық интеллект пен еңбек қауіпсіздігі тақырыбында психологиялық тренинг өткізіп, қатысушылармен тәжірибелік жұмыстар жүргізді.
Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі директорының ақпараттық жұмыстар жөніндегі орынбасары, педагогикалық ғылымдардың магистрі, облыстық ЖИ педагогтар клубының жетекшісі Махаббат Төленғалиева «Есепшінің цифрлық көмекшісі: жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, шекаралары және қауіпсіздігі» тақырыбында баяндама жасады. Өз кезегінде Махаббат Төленғалиева қазіргі таңда жасанды интеллект технологияларының бухгалтерлік және ұйымдастырушылық жұмыстардағы мүмкіндіктерін таныстырып, оны қауіпсіз әрі тиімді қолдану жолдарына жіті тоқталды.
Басқосуда облыстық кәсіподақ ұйымының заңгері Лаура Амирова азаматтық-құқықтық шарттарды жасау тәртібі мен жаңа ҚР Салық кодексі аясында жеке тұлғалардың табыстарына салық салудағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинар-практикумның екінші күні 1С бағдарламасы бойынша тәжірибелік жұмыстармен жалғасты. Қатысушыларға бухгалтерлік есепті автоматтандыру, бағдарламамен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері мен практикалық дағдылары үйретілді.
Семинар-практикум қорытындысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өзекті сұрақтарына жауап алды.
-
Фото
-