ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН МАЗМҰНДЫ ШАРА
Ақтөбе облысында Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Шаңырақ fest» зияткерлік квесті өтті. Ерекше форматтағы шараға аудандық кәсіподақтың белсенді мүшелері – мектеп мұғалімдері өз отбасыларымен бірге қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Шараның салтанатты ашылуында білім бөлімінің міндетін атқарушы Гүлмира Садақбаева мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Ізбағамбетова құттықтау сөз сөйлеп, отбасы бірлігі мен ұлттық тәрбиенің қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. Олар мұндай игі бастамалардың ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар білім бөлімі жанындағы «Бақытты отбасы» клубының ұйымдастырушылары Сәндігүл Байдуашова мен Махаббат Оразова қатысушыларды квест бағдарламасымен таныстырып, сайыс кезеңдерінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Кәсіподақ мүшелерінен құралған отбасылық командалар «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» және «Жеңгелер мектебі» атты төрт негізгі бағыт бойынша сынға түсіп, ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылықтары мен ұйымшылдықты дәріптейтін түрлі тапсырмаларды орындады. Қатысушылар әр кезеңде белсенділік танытып, өзара ауызбіршілік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
Квесттің қорытынды бөлімінде барлық қатысушылар бірлесе отырып, мозаикадан «Отан – қуат, отбасы – шуақ» атты үлкен баннер құрастырды. Бұл сәт шараның басты идеясы – татулық пен отбасы жылуын айшықтай түсті.
Сайыс нәтижесінде үздік отбасылық ұжымдар арнайы номинациялармен және аудандық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Атап айтқанда, «Шаңырақ» тобы – «Ынтымағы жарасқан, берекелі отбасы», «Ынтымақ» тобы – «Бірлігі бекем, ұйымшыл отбасы», «Жалынды жанұя» тобы – «Жігерлілік пен шығармашылықтың жарқын үлгісі», ал «Шамшырақ» тобы – «Тапқырлық пен ұйымшылдық үлгісі» номинацияларын иеленді.
«Шаңырақ fest» зияткерлік квесті – отбасы құндылықтарын ұлықтап, ұлттық тәрбиені дәріптеген тағылымы мол, мазмұнды шара болды.