БІЛІКТІ ҰСТАЗ, БЕДЕЛДІ ТӘЛІМГЕР
Қосалиева Шакизада Ақалқызы 1965 жылдың 5 қарашасында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1973-1983 жылдары №188 орта мектепте білім алып, мектеп қабырғасында жүрген кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1980 жылы мектептегі пионер ұйымының дружина советіне жетекшілік етсе, 1982-1983 жылдары мектеп комсомол комитетінің жетекшісі болды.
1983 жылы аудан мектептерінің бітірушілеріне арналған «Аттестатпен өндіріске» үндеуін көтеріп, сыныптастарымен бірге Аққыр ауылындағы жас шопандар бригадасында бір жыл еңбек етті. Бұл оның жастайынан еңбекке жақын, қоғамдық іске бейім азамат болып қалыптасқанының айқын көрінісі еді.
1984 жылы отбасын құрып, еңбек жолын мектепке дейінгі білім беру саласында жалғастырды. 1984-1987 жылдары Жалағаш қыстағындағы №19 балабақшада, ал 1987-1995 жылдары №4 балабақшада тәрбиеші қызметін атқарды.
1992 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» факультетін тәмамдап, жоғары білім алды.
1995 жылдан бастап №201 мектеп-лицейінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі, кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығының арқасында әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленген білікті педагогқа айналды.
Шакизада Ақалқызының шәкірттері жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстары мен ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ұстаздың өзі де түрлі кәсіби байқауларға қатысып, үздік жетістіктерге жетуде.
2025-2026 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған аудандық және облыстық «Алтын тұғыр» логикалық математика олимпиадасында жүлдегер атанды. Сонымен қатар, шәкірті Болатбек Мансұр бастауыш сынып оқушыларына арналған «Бастау» логикалық математика олимпиадасының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орын иеленді.
Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілетін аудандық және облыстық «Жылдам оқу», «Логикалық математика» байқауларында оның оқушылары жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп, түрлі марапаттарға ие болуда.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесінде Шакизада Ақалқызы білім берген әрбір сынып бастауыш буынды үздік аяқтап келеді.
Нәтижелі еңбегі ескеріліп, 2010-2012 жылдары аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған «Шебер сынып» мүшесі ретінде ашық сабақтар өткізді.
2011 жылы шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңындағы белсенді жұмысы үшін облыстық білім жетілдіру институтының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сол жылы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кеңесінің 25 ақпандағы №2 хаттамасымен бекітілген «Мектеп – тәрбие бесігі» атты іс-тәжірибесі аудан көлемінде таратылды.
2021 жылы «Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдістемесі» атты әдістемелік жинағы республика көлемінде насихатталып, педагогикалық ортада кеңінен қолданысқа ие болды.
2013 жылы Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қазақ творчестволық бірлестігінің І дәрежелі дипломымен марапатталды.
2017 жылы «Инновациялық білім беру технологияларының педагогтың кәсіби өсуіндегі рөлі» тақырыбындағы облыстық семинарда «Бастауыш сыныптарда жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізу жайы» тақырыбында баяндама жасап, облыстық білім жетілдіру институтының Құрмет грамотасына ие болды.
Ұстаздың жас ұрпақ тәрбиесіне арналған баяндамалары мен ашық сабақтары халықаралық білім интернет-ресурстарында, республикалық және облыстық басылымдарда тұрақты жарияланып келеді.
Шакизада Ақалқызы тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, жас ұстаздарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік етіп жүрген тәжірибелі педагог. Ол әріптестеріне сапалы білім берудің қыр-сырын үйретіп, кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді.
Адал еңбегі мен саналы ғұмырының арқасында шәкірттері мен әріптестері арасында үлкен беделге ие болған ұстаз облыстық білім басқармасының, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Косалиева Шакизада Ақалқызы – өнегелі отбасының ардақты анасы. Төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде он бір немеренің сүйікті әжесі атанып отыр. Балаларының барлығы жоғары білімді мамандар.