ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
Қызылорда қаласы №11 мектеп-лицейінің ардагер ұстазы Баймаханова Шырынкүл апай – 90 жаста.
Адам өміріндегі ең үлкен байлық – артында қалған ізгі ісі, өнегелі өмірі мен елге сіңірген адал еңбегі. Осындай ғибратты ғұмыр иесі, көпке үлгі болар аяулы жан – Қызылорда қаласы №11 мектеп-лицейінің ардагер ұстазы Баймаханова Шырынкүл апай биыл мерейлі 90 жасқа толып отыр.
Шырынкүл апай саналы ғұмырын ұстаздық қызметке, отбасы тәрбиесіне, ұрпақ өсіруге арнаған ардақты ана, аяулы әже. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім мен тәрбиені қатар ұстанған ұстаздың өмір жолы – бүгінгі жас ұрпақ үшін тағылым мен өнегеге толы үлкен мектеп.
Қандай қиын кезеңдер болмасын сабыр мен төзімді серік етіп, отбасының берекесін сақтап, айналасына мейірім мен жылулық сыйлай білді. Шырынкүл апайдың адамгершілік қасиеті, парасат-пайымы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін кісілігі – баршаға үлгі.
Әулеттің ынтымағы мен бірлігін сақтап, ұрпағына ұлттық тәрбие мен ізгілік дәнін сепкен асыл жанның ғибратты ғұмыры кейінгі буынға өнеге болып келеді. Бүгінде апай тәрбиелеп өсірген ұрпақтары ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп, ана тәрбиесінің жемісін көрсетуде. Бұл – ананың ақ тілегі мен адал еңбегінің айқын нәтижесі.
Ардақты апайға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз. Ұрпағыңыздың қызығын көріп, ақ жаулығыңыз желбіреп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз!
Қызылорда облыстық ұйымы