МАТЕМАТИКА МЕН МЕЙІРІМДІ ҚАТАР ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Әкім Тарази атындағы тірек мектебінде ұзақ жылдан бері математика пәнінен сабақ беріп келе жатқан Байданова Айсұлу Жаманқұлқызы өз ісіне адал, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаздардың бірі.
Айсұлу Жаманқұлқызы 1975 жылы 18 мамырда Амангелді ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Амангелді атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білімге деген қызығушылығы сол кезден басталды. Мектепті аяқтаған соң арман қуып, 1991 жылы Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1996 жылы физика-математика пәні мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол уақыттан бері Әкім Тарази атындағы тірек мектебінде еңбек етіп келеді.
Ұстаздық жолында ол оқушыларға тек математиканың формуласын үйретіп қана қоймай, өмірде дұрыс жол табуға, жауапкершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуді де басты орынға қояды. Ширек ғасырдан астам уақыт бір ұжымда еңбек ету үлкен төзім мен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің белгісі. Осы жылдар ішінде Айсұлу Жаманқұлқызы көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың білімді, саналы азамат болып өсуіне үлес қосып келеді.
Бүгінде отбасының берекесін кіргізіп отырған аяулы ана, немере сүйіп отырған бақытты әже Айсұлу Жаманқұлқызы бір ұл тәрбиелеп өсіріп, ұрпағының қызығын көріп отыр. Ол үшін отбасы мен ұстаздық өміріндегі ең қымбат құндылықтар саналады. Әріптестері арасында сыйлы, оқушыларына жақын бола білген Айсұлу Жаманқұлқызының еңбегі кейінгі жас ұрпаққа өнеге.
Жамбыл облыстық ұйымы.